Үш жасар баланы құтқарған тәртіп сақшыларына алғыс білдірілді
Қызылордада көпқабатты үйдің терезесі алдында тұрған үш жасар баланы құтқарып қалған учаскелік полиция инспекторыларына алғыс білдірілді, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі.
Оқиға Қызылорда қаласындағы «Шұғыла» мөлтек ауданында орын алған. Көпқабатты үйдің жоғарғы қабатының бірінде ашық тұрған терезенің жақтауында сәбидің отырғандығын көрген полиция аға лейтенанты Жасұлан Сарбалаев газ құбыры арқылы жоғары өрмелеп, терезе алдында отырған баланы пәтерге алып түскен.
Бұл уақытта полиция майоры Бауыржан Алдаберген баланың ата-анасын анықтауға кіріскен. Анықталғандай баланың анасы жұмыста болса, әкесі есік алдындағы дүкенге шығып кеткен.
Қоғамдық қауіпсіздікті қорғау жолында ерекше жауапкершілік танытқан тәртіп сақшыларын «1 наурыз - Алғыс айту күні» ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Абзал Мұхимов қабылдады.
«Учаскелік полиция инспекторларының жедел іс-қимылының арқасында үш жастағы сәби құтқарылды. Алғыс айту күні өздерінің қызметтеріне жауапкерлікпен қараған осы қызметкерлерге алғыс білдіруді жөн санадым. Тәртіп сақшыларының іс-әрекеті басқаларға үлгі болары сөзсіз», - деді департамент басшысы.