14 наурыз:Атаулы күндер мен оқиғалар
1980 жылы «Қазақстан пионері» газеті және «Партийная жизнь Казахстана» атты журналы «Құрмет белгісі» және «Халықтар достығы» ордендерімен марапатталды.
1994 жылы Қазақ мемлекеттік заң институты құрылды. 1996 жылы қарашада Қазақ мемлекеттік заң университетіне, ал 2000 жылы ақпанда Мемлекет және құқық институтымен бірігіп, Қазақ мемлекеттік заң академиясына айналды.
2001 жылы қазанда Қазақ гуманитарлық заң университеті болып қайта құрылды.
2005 жылы Ресейдің Түмен қаласында 14-22 наурыз аралығында Қазақ өнерінің күндері өтті. Облыстық ұлттар үйінде бір апта ішінде түмендіктер қазақ мәдениетімен және тұрмыс-тіршілігімен танысты, қазақстандық кинематографистердің фильмдерiн тамашалап, ұлттық тағамдардан ауыз тиді. Сонымен бiрге, бұл күндері әртүрлi жарыстар, қолданбалы өнер көрмесi, фотокөрмелер ұйымдастырылды.
2005 жылы Алматыда зерттеушi, мәдениеттанушы Серiкбол Қондыбайдың рухына арналған алғаш рет «Қондыбай оқулары» өтті. Серікбол Қондыбай (1968-2004) - мәдениеттану, тарих, лингвистика және мифология саласында өзінің жаңа тұжырымдамаларын енгізген ғалым. Оның өзіндік көзқарастары «Маңғыстау географиясы», «Қазақ мифологиясына кіріспе», 4 томдық «Арғы қазақ мифологиясы», «Қазақ даласы және герман тәңірлері» және «Гиперборея: түс көрген заман шежіресі» сынды онға жуық кітаптарында көрсетілген. Сондай-ақ 90-нан астам ғылыми мақаланың авторы.
2008 жылы Алматыда Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің, Ұлттық инновациялық қордың және Қазақстан Республикасы Ақпарат және байланыс агенттігінің қолдауымен жасалған Futurtech ХАТИ Ақпараттық технологияларды жалпыхалықтық оқыту әлеуметтік жоспарлы бағдарламасының (IT ағарту) тұсаукесері өтті. Бағдарлама халықтың әлеуметтік қорғалмаған тобына қолдау көрсетуге бағытталған. Ол мұқтаж азаматтардың компьютерлік сауатын жетілдіруге мүмкіндік туғызып, олардың жұмыспен қамтылуына, лайықты өмір сүруіне жәрдемдеседі.
2011жылы Алматыда алғашқы Еуразиялық саясаттанушылар конгресі жұмысын бастады.
2013 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қысқамерзімді демалысы кезінде Израиль Президенті Шимон Переспен жұмыс кездесуін өткізді.
2013 жылы «Бір ел - бір кітап» акциясы аясында Қазақстанның халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Фариза Оңғарсынованың «Дауа» өлеңдер жинағы елде жалпыға бірдей оқуға ұсынылды.
2016 жылы Семей қаласында «СемАз» көлік жинау зауытының конвейерінен қазақстандық алғашқы «Газель Next» шықты. Бұл үлгі отандық нарықта сұранысқа ие.