19 наурыз:Атаулы күндер мен оқиғалар
1931 жылы Қазақстандағы алғашқы әрі алдыңғы қатарлы медициналық оқу ордасының бірі - С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық академиясы ашылды.
2005 жылы Қызылорда облысы Шиелі ауданы Алғабас ауылының №157 орта мектебіне танымал ғалым, қоғам қайраткері, профессор Беркімбай Перімбетовтың есімі берілді. Беркімбай Перімбетов (1929-1996) Қазақ КСР-ның құрылыс материалдары өнеркәсiбінің министрі, КСРО Министрлер Кеңесінде Қазақстанның тұрақты өкілі болды. 1984 жылдан «Оргтехстром» АҚ-ны басқарды. Ғалым өнеркәсіп құрылыс материалдарының жаңа саласын құруға зор үлесін қосты.
2010 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев статистика қызметі саласындағы құқықтық негіздерді, мемлекеттік статистика органдарының және респонденттердің өзара қарым-қатынастары мен өзара іс-қимылын анықтауға бағытталған «Мемлекеттік статистика туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
2010 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының бірқатар заңнамалық актілерін «Мемлекеттік статистика туралы» Заңға сәйкестендіруге бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік статистика және салық салу мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
2011 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Астана қаласының Бас жоспары» ғылыми-зерттеу жобалау институты» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында болды. Онда Астана қаласының 2011-2014 жылдарға арналған Тұрғын үй құрылысын дамыту мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу барысымен және қаланың перспективалық тұрғын үй аудандарын дамыту жөніндегі ұсыныстармен, Еуразиялық қоғамдық-мәдени орталығының «Мәңгі ел» жобасымен танысты.
2013 жылы «Эйр Астана» компаниясының Embraer 190 ұшағына Қазақстанның халық әртісі, «Тарлан» сыйлығы мен Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әмина Өмірзақованың есімі берілді. Жаңа әуе кемесі Астанадан Павлодар, Қостанай, Шымкент, Өскемен, Екатеринбор, Новосібір, Баку, Тбилиси, Бішкек, Орынбор, Омбы және Ташкент қалаларына қатынайды.
2014 жылы «Нұр Отан» партиясы жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалардың өмір сүру сапасын жақсартуға арналған «Бақытты балалық шақ» атты партиялық жобаны іске қосты.