Әр балаға - 21 мың теңге: Өтініштер қай кезде және қалай қабылданады
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова жаңа жәрдемақыға өтініші қабылаудың тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біз кеше ғана селектор (бейнебайланыс арқылы өткізілетін отырыс - авт.) өткіздік. Министрдің тапсырысы бар. Қазір әкімдік, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорация, сосын біздің жергілікті департаменттеріміз және жұмыспен қамту орталықтары бар ғой. Олардың бәрі өтініштерді қабылдайды», - деді С.Жақыпова.
Оның айтуынша, 1 сәуірден бастап өтініш берудің қажеті жоқ. Себебі алдымен заң күшіне енуі керек. Соның негізінде министрдің бірнеше бұйрығына қол қойылады. Сөйтіп, аталған құжаттар жергілікті атқарушы органдарға түскеннен кейін өтініштер қабылдана бастайды. Бірақ атаулы әлеуметтік көмектің бәрі 1 сәуірден бастап есептеледі. «Мен өзім бірнеше рет айттым, халыққа 1-нен бастап өтініш беріңіздер деп айтуға болмайды. Себебі заң енді ғана қабылданады. Аталған құжат 28 наурызда Сенаттың кеңейтілген отырысына шығарылады. Одан кейін Сенат мақұладап қолдаса, Елбасының қол қоюына жіберіледі. Ал қазіргі заңға сәйкес, атаулы әлеуметтік көмек өтінішті берген күннен емес, берген айдан бастап тағайындалады. Демек, азаматтар 15 сәуірде келе ме, 29 сәуірде келе ме, бәрібір атаулы әлеуметтік көмек оларға 1 сәуірден бастап тағайындалады. Осы норма сақтала береді», - деп атап көрсетті С.Жақыпова.
Вице-министрдің сөзіне қарағанда, бүгінде министрдің арнайы бұйрықтары дайын тұр. Заң қабылданса, аталған құжаттар бірден ҚР Әділет министрлігінің тіркеуінен өтеді. Сөйтіп, барлық жергілікті атқарушы органдарға таратылады. Соның негізінде өтініштер қабылданады. «Сондықтан 1 сәуірден барып, өтінішті қабылдауды талап етсе де, жергілікті атқарушы органдар оны қабылдай алмайды. Олардың барлығы бұйрықты күтеді. Елбасы заңға қол қойды ма, ертесінде бірден бұйрық тіркеуден өтуі керек. Біз бәрін дайындап қойдық. Жергілікті атқарушы органдар да бірден хабарын береді», - дейді С.Жақыпова.
Айта кетейік, Nur Otan партиясының XVIII съезінде ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көпбалалы отбасыларда әрбір баланың төлемақысын 21 мың теңгеге дейін арттыруды тапсырды.
«Үкіметке әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарды, әсіресе, көпбалалы отбасыларды қолдау шараларын кеңейтуді тапсырамын. Аталған көрсеткішті күнкөріс деңгейінің 70 пайызына дейін жеткізуіміз керек. Ал атаулы көмек алып отырған көпбалалы отбасылардың әрбір баласына берілетін жәрдемақыны 21 мың теңгеге дейін өсіруді тапсырамын. Аталған көмекті барынша жеңілдету керек. Халық ары-бері шапқылап жүрмесін. Сосын ондай отбасылардың табысын есептегенде басқа әлеуметтік жәрдемақыларды санауды алып тастау қажет. Әйтпесе, соның бәрін санағанда көпбалалы отбасылар жағдай жақсы азаматтар болып шыға келеді», - деді Н.Назарбаев.
Осыдан кейін Елбасы аталған шараларды 1 сәуірден бастауды міндеттеді.
ҚР Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев балаларға берілетін 21 мың теңгеден бөлек ата-анасына да қосымша ақы төленетінін жеткізді. Бүгінде елімізде күнкөрістің минимумы 29 698 теңгені құрайды. Осы уақытқа дейін атаулы көмекті бір адамға шаққанда күнкөріс деңгейінің 50 пайызынан, яғни 14 849 теңгеден аспайтын отбасылар алса, енді Президенттің тапсырмасы бойынша аталған көрсеткіш 70 пайызынан - 20 789 теңгеге дейін көтеріліп отыр. Демек, көпбалалы отбасының жалпы табысын әрбір адамға бөлгенде ақшаның сомасы күнкөріс деңгейінің 70 пайызға, яғни 20 789 теңгеге жетпесе, әрбір балаға 21 мың теңгенің жәрдемақысы беріледі.
«Сосын егер жанұяның әрбір адамына шаққанда табыс күнкөріс деңгейінен (70 пайыздан- авт.) төмен болса, айырмашылық 10 мың теңге бола ма, 7 мың теңге бола ма, сол ата-анасына да қосымша төленеді. Одан кейінгі ең үлкен жеңілдік, бұрын табысты есептегенде «Алтын алқа», «Күміс алқа», көп балаға берілетін жәрдемақы, мүгедектердің жәрдемақысы мен стипендиясы саналатын. Енді, соның бәрін есепке алмайды», - дейді Б.Сапарбаев.