Қазалыдағы көпірден көлік аударылып кетті
Қазалы ауданындағы Әлсейіт көпірінен ГАЗ 53 автокөлігі аударылып кетті, деп хабарлайды, Kyzylorda-news.kz аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөліміне сілтеме жасап.
Кеше әлеуметтік желіде көпірден көлік аударылғаны туралы ақпарат тараған болатын. Бұл ақпаратты аудандық жауапты мекеме растады.
Олардың дерегінше, оқиға 24 наурыз күні болған. Алайда меншік иесі жедел түрде сол жердегі ауыр техникаларды пайдалана отырып, 45 минут аралығында автокөлік жиекке шығарылған.
«Сырдария өзені бойында орналасқан Әлсейт көпірі «Қазалы жолшы» ЖШС-нің меншігінде. Бүгінгі таңда, жаңа көпір құрылысы салынуына байланысты, техникалар қозғалысының көптігінен қалқымалы көпірдің қайықтан жағаға қарай жылжымалы өтетін жолының (трап) алды осы мекеме тарапынан күнделікті тегістелуде. Автокөліктің техникалық жағдайына ақау келтірілмеген. Дегенмен, аталған көпірдің дарияның арғы бетіндегі халыққа аса маңыздылығын ескере отырып, қалқымалы көпірден автокөлікпен өтер алдында белгіленген жүру жылдамдығын сақтауға, жолаушыларды түсіруді, көпірден жолаушылар толық өтіп болғанша автокөлікпен жүрмеуге және автокөлікті көпір үстінде тұрып артқа жүргізбеу талаптарын толық сақтауға шақырамыз», - делінген хабарламада.