Заңсыз есірткі сақтаған азамат қолға түсті
Аралда заңсыз есірткі сақтаған азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz аудандық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға ағымдағы жылдың ақпан айында орын алған. Айыпталушы Б. есімді азамат облыс көлемінде жүргізіліп келетін «Өрмек» арнайы профилактикалық іс-шарасы барысында қолға түскен. Ол өз үйінің алдында тұрған уақытта полиция қызметкерлеріне күдік тудырған. Полицей қызметкерлерін көріп өз ауласына қарай қаша жөнелген азамат өзінің қылмыстық іс-әрекетін жасыруға талпынған. Яғни, ол қалтасындағы газет қиындысына оралған есірткі затын ауладағы әжетханаға тастап жіберген. Жедел тергеу тобы қызметкерлерімен жүргізілген тексеру кезінде газет қиындысына оралған өзіне тән ерекше иісі бар, жасыл түсті есірткі затына ұқсас шөп табылды. Айыпталушының бұл есірткі затын заңсыз иемденіп сақтағаны анықталды.
Айыпталуышы өз айыбын толығымен мойындап, оның берген жауабына сәйкес қылмыстық іс-әрекеті толық дәлелденген.
Сот үкімімен азамат Б. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 296-бабының 2-бөлігінде көрсетілген құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 20 айлық есептік көрсеткіш – 50500 теңге мөлшерінде айыппұлға жазаланды.