Тікұшақ апаты: 4 сарбаздың денесіне генетикалық сараптама жасалып жатыр
Қазақстанның әскери-әуе күштерінің қолбасшысы, авиация генерал-майоры Дәурен Қосанов апаттан көз жұмған 4 әскери қызметшінің денесі медициналық тексерістен өтіп жатқанын айтты, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz
Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.
«Әуе апатынан 13 жігітіміз қаза тапты. Олардың туған-туыстарына көңіл айтамын. Бұл – орны толмас ауыр қайғы», - деді Дәурен Қосанов.
Кейін ол тікұшақ апатының мән-жайына тоқталды.
«27 наурызда Астана уақытымен сағат 18:30-де Қазақстан қарулы күштеріне тиесілі 4 тікұшақ Ақтаудан Шымкент қаласына ұшып келе жатқан. Жалағаш ауылының жанында бір тікұшақ апатқа ұшырады. Салдарынан 3 ұшқыш, 10 сарбазымыз қаза тапты. Қираған ұшақтың ішінде майор, екінші санаттағы ұшқыш Роман Казтулов болды», - деді авиация генерал-майоры.
Сонымен қатар Дәурен Қосанов апат болған күні арнайы комиссия құрылып, Қызылорда қаласына ұшып шыққанын хабарлады. Оның айтуынша, 4 сарбаздың денесіне медициналық сараптама жүргізіліп жатыр.
«Қазір 9 әскери қызметшінің денесі туған жеріне жерленді. Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында 4 әскери қызметшінің денесіне генетикалық сараптама жасалып жатыр. Кейін олардың денесі туған жеріне жіберіледі», - деп түйіндеді сөзін Дәурен Қосанов.