Қызылордалық жасөспірім көлік айдап, апатқа ұшырады
Қызылордада жол көлік оқиғасына қатысы бар жасөспірімге бостандығын шектеу жазасы тағайындалды, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі.
Бұл туралы облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында бас маман Т.Дайыров айтты.
Брифинг барысында соттың бас маманы Д.Тайыров кәмелетке толмаған сотталушы Ж. есімді жасөспірімге қатысты қылмыстық іс бойынша ақпарат берді.
Іс құжаттарына сәйкес Ж. есімді жасөспірім өзінің басқаруындағы көліктің жылдамдығын асырған. Ол бірнеше жол ережелерін бұзып, соңында автокөлікті басқара алмай, жол шетіне аударылған.
Жол көлік оқиғасы кезінде автокөлік ішінде болған кәмелетке толмаған А. есімді азаматша ауыр соққы алып, оның денсаулығына айтарлықтай зиян келген.
Айыпталушы сотта өзінің айыбын толық мойындап, оның құқық бұзушылық әрекеті толығымен дәлелденді.
Сот үкімімен сотталушы Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 345-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылды. Заңға сәйкес айыпталушыға 2 жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айыру және 1 жыл мерзімге бостандығынан шектеу жазасы тағайындалған.