4 сәуір:Атаулы күндер мен оқиғалар
2006 жылы Мәскеудегі Чистопрудный бульварында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Президенті Владимир Путиннің қатысуымен Абай ескерткіші ашылды. Абай ескерткіші Қазақстан халқының Мәскеу қаласына жасаған сыйлығы, жалпы құны 160 млн 800 мың теңгені құрайды. Ескерткіш жобасын қазақстандық мүсінші М.Әйнеков пен дизайнер Т.Сүлейменов басшылық жасаған авторлық топ жасаған.
2006 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеудің құрыш және қорытпалар мемлекеттік институтының профессор-оқытушылар құрамымен кездесті. Кездесуге Мәскеудің жоғары оқу орындарында оқитын қазақстандық студенттер, институттың профессор-оқытушылар құрамы қатысты. Оның барысында институттың ректоры Юрий Карабасов Қазақстан басшысына Мәскеу құрыш және қорытпалар мемлекеттік институтының құрметті профессоры атағы берілгенін хабарлады. Президентке диплом, Құрметті профессор белгісі, мантия және институт ордені тапсырылды. Марапаттау рәсімінен кейін сөз сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев ғалымдар кеңесіне алғысын білдірді, институттың даңқты дәстүрлері туралы айтты және оны бітірушілердің дені Қазақстанда табысты еңбек етіп жатқандарын атап көрсетті.
2006 жылы Мекке қаласында Қос киенің шырақшысы Сауд Арабиясының Королі Абдалла бен Әбділ Әзіздің қамқорлығымен "Ислам үмбетінің бірлігі" атты мұсылман-ғұламаларының бірінші халықаралық конференциясы өтті. Форум жұмысына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі қатысты. Конференцияға әлемнің 150 мемлекетінен келген атақты ислам ғалымдары, дін істері жөніндегі министрлері, ислам орталықтары мен ұйымдарының басшылары қазіргі заманның қауіптері аясындағы мұсылман бірлігін нығайту жолдарын талқылады.
2008 жылы Қазақстанның Көлік және коммуникация министрлігінде «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізін қайта жаңғырту жобасының таныстырылымы өтті. «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізі осы аймақтағы жүк тасымалының негізгі бағыты саналады. Дәліз заманауи зияткерлік жүйелер мен логистикалық орталық қызметтерін қамтыған жоғары деңгейлі қызметтер көрсетеді. Дәліздің кейбір учаскелерінде жоспарланып отырған ақылы жолдар жүйесі көрсетілетін қызметтің сапасы мен жеделдігін қамтамасыз етпек. Жоба жүк тасымалының үш басты бағытына: Қытай-Орталық Азия, Қытай-Қазақстан, Қытай-Ресей-Батыс Еуропа бағыттарына қызмет көрсететін болады.
2013 жылы Өскемендегі қазақстандық көлік құрастыратын «Азия Авто» зауыты жаңа «Skoda Rapid» моделін жинай бастады.