Дала қызғалдақтарын неге жұлуға болмайды
ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет қыр қызғалдақтарын жұлмауды өтінді, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kzҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Бір құшақ қызғалдақпен суретке түсу үрдісі сәуір-мамыр айларында күрт көбейеді. Биыл да мұндай фотосуреттер еселеп көбейеді. Бірақ, бүгін қызғалдақты неге жұлуға болмайтынын түсіндіргіміз келеді. Жабайы қызғалдақтардың өзге түрлерден айырмашылығы - олар пиязшықтан емес, дән арқылы таралады. Тұқым топырақта 4-7 жыл жатады және содан кейін ғана жаңа пиязшық қалыптасады. Бұл пиязшықтан гүл сабағы өсіп шығады. Гүл күлтеленген соң тұқым қауашағы пайда болады. Осы процесс жыл сайын қайталанады және бір қызғалдақтың өмірі 70-80 жылға жетеді. Ал кейде жетпеуі де мүмкін. Себебі, сіз бір фотосурет үшін гүлді жұлып аласыз да, 2 сағаттан кейін күресінге тастайсыз. Себебі, жабайы қызғалдақ тез солады. Бұл хабарды барлық достарыңыз бен таныстарыңызға таратыңыз», - деп жазды Сәкен Ділдахмет Facebook-тегі парақшасында.
Айта кетейік, еліміздің оңтүстік өңірлерінде қызғалдақ гүлі бүр жарды. Қазақстанда өсетін 35 түрлі қызғалдақтың 18-і Қызыл кітапқа енгізілген, олардың таралу аймағы да қысқарып барады.