Ине-жіп, қайшы, шахмат – Пойыз жолаушыларына қандай қызметтер көрсетілуі тиіс
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірінші медиаорталық төрағасы Төлеген Байғұлов пойыз жолсеріктерінің қандай қызметтерді көрсетуге міндетті екенін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, медиаорталық былтырдан бері жолаушыларды темір жолда тасымалдау қызметінің сапасын тексеріп келеді.
«Көлік комитетінің деректеріне сәйкес, елімізде облысаралық жолаушылардың темір жол тасымалы 57 бағыт бойынша жүргізіледі. Оны жүзеге асыратын 9 тасымалдаушының 8-і - жеке компаниялар (қамту үлесі 34%) болса, біреуі - «Жолаушылар тасымалы» АҚ (қамту үлесі 66%) ұлттық тасымалдаушысы бар. Өткен жыл комитетпен бірлесіп, 101 пойызды тексеріп, 800-ден астам кемшілік тапқан едік. Әсіресе, ескірген, кірлеген төсек-орындар көп кездесті. Нәтижесінде тасымалдаушылар 55 млн теңге айыппұл төлеп, барлық кемшілік түзетілді», - деді Төлеген Байғұлов елордада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Ұлттық бюрода өткен баспасөз мәслихатында.
Сонымен бірге, медиаорталық басшысы жолаушылардың өз құқықтарын жете білмейтінін, түсіндірме жұмыстарын көптеп ұйымдастыру қажеттігін атап өтті.
«Ең алдымен, жолаушылар артық орын алмайтын 7 жасқа дейінгі баланы тегін алып жүруге құқылы. 7-15 жас аралығындағы балалар үшін билет құнының жартысы төленеді. Бір ересек және бір балалар билеті үшін 35 келіге дейін қол жүгін алып жүруге болады. Пойыз жүруіне 24 сағаттан артық уақыт болса, билет құнын толық қайтарып алуға болады. 6 сағат уақыт қалса, билет бағасының 50% қайтарылады», - деді ол.
Жолсеріктердің ұялы телефонды қосымша ақыға қуаттауы да заңсыз. Вагон типі мен пойыз санатына қарамастан, жолаушылар купе ішінде телефонды тегін қуаттауға құқылы.
«Жол жүру билетін көрсету арқылы вокзал ішіндегі дәретханаға да тегін кіруге болады. Және барлық пойыздың дәретханаларында сабын мен қағаз болуы міндетті. Дәретхананы жолсерік төрт сағат сайын тазалап тұруы тиіс. Сондай-ақ, жолсерік келушілерге тегін шәй, стакан, қасық, ине-жіп, қайшы, дәрі-дәрмек, тіпті шахмат, дойбы секілді үстел ойындарын да әкеліп беруі керек», - дейді Т. Байғұлов.
Сонымен бірге, жолсерік қарттарға, мүгедектерге, жүкті және балалы әйелдерге төсек салып беруі тиіс. Қажет болса, үстіңгі қабатқа қауіпсіздік белбеуін орнатады.
«Пойыздың тоқтауына жарты сағат қалғанда төсек-орынды өткізуді талап ететін жолсеріктер бар. Заң жүзінде жолсерік бұл заттарды жолаушылар шығып кеткен соң, өзі жинап, кір жуатын жерге тапсыруы тиіс. Төсек-орынды жарты сағат бұрын жинау тек шұғыл жағдайда ғана жолаушының рұқсатымен жүргізілуі керек. Ал жол үстінде төсек-орынды қайта ауыстыру үшін қосымша ақы төленуі қажет. Жолсерік ұсынатын кофе, кондитерлік тағамдар да бөлек ақыға беріледі. Бұл - заңды», - деп түсіндірді спикер.
Медиаорталық басшысы жолаушылар құқығы бұзылған оқиғалар жөнінде фото, видео, аудио материалдарды +7 702 000 2494 WhatsApp нөміріне жолдауды сұрады.