Қылмыскерді ұстауға көмектескен қызылордалық тұрғын марапатталды
Өткен аптада Қызылорда қаласының Полиция басқармасында әскери-қызметтік дайындық сабағы өтті, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz.
Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша сабақ басталмас бұрын полиция қызметкерлері Шалқар Ақымғалиевті бір минут үнсіздікпен еске алды. 21 наурыз күні полиция сержанты Шалқар Ақымғалиев ерлік танытып, өз өмірін қиып, суға батып бара жатқан әйелді құтқарып қалған болатын. Сонымен қатар, қызметкерлердің назарына кейіпкердің өмірі жайлы бейнежазба ұсынылды.
Қызылорда қалалық ПБ-ның қызметкерлері қаза болған Шалқар Ақымғалиевтың отбасына материалдық көмек көрсету туралы шешім қабылдады. Шалқар Ақымғалиевтің жасаған ерлігі әріптестері мен болашақ ұрпақ үшін үлгі болып қалмақ.
Айта кету керек, қазіргі уақытта полицияға көмектесетін белсенді азаматтар бар. Басқарма басшылығымен облыс тұрғыны 43 жастағы Әлиев Абылай қылмыскерді ұстауда батылдық танытқаны үшін алғыс хатпен марапатталды.
Дәлірек айтсақ, 15 наурызда Қызылорда ҚПБ-нің кезекші бөліміне тонау туралы хабарлама келіп түседі. Бірнеше минуттан соң оқиға орнына тергеу тобы барады.
Жәбірленуші жұмыстан қайтып келе жатқан сәтте оның артынан бір белгісіз азамат шабуыл жасағанын және күш қолданып, сөмкесін, ұялы телефонын тартып алып, белгісіз бағытта қашып кеткендігін көрсеткен. Жәбірленуші сол жерде дереу өтіп бара жатқан азаматқа көмекке жүгінеді. Ол, өз кезегінде, қарақшының артынан жүгіріп ұстап, дереу полиция қызметкерлерін шақырады. Күдіктіні ұстап алған және де ерлік жасаған облыс орталығының 43-жастағы тұрғыны Абылай Әлиев болып шықты.
А.Әлиев басқарма басшылығына елеп, құрмет көрсеткені үшін алғысын білдірді және әр азамат азаматтық ұстанымын танытып, бір-бірін қорғауға дайын болу керек екенін айтты.
Сондай-ақ, жауынгерлік және қызметтік дайындық сабағында басқарма басшылығымен тергеу бөлімінің 12 қызметкері қызметтік міндеттеріне адал қарап, қызметте жоғары көрсеткіштерге жеткізгені үшін Алғыс хаттармен марапатталды.