Қызылордада газдандыру жұмыстары биыл да жалғасады
Бұған дейін Қызылорда облысына қарасты Арал қаласы мен Әйтеке би, Шиелі, Жаңақорған кенттеріне көгілдір отын жеткізілген болатын. Аталған елді мекендерде 25 803 тұрғын үй болса, соның 22 мың үй қазір көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Бүгінгі күнде аймақтағы қалған 3 аудан орталығын (Жосалы, Жалағаш, Тереңөзек) газдандыру бойынша бірқатар жұмыстар атқарылуда, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz.
Облысқа қарасты аудан орталықтары мен қала маңындағы елді мекендерді газдандыру «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралды газ құбырының бойында жүзеге асырылуда.Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының дерегінше Тереңөзек кентіне арналған АГТС орнату жобасын аяқтауға республикалық және облыстық бюджеттерден 2019 жылға 1,1 млрд. теңге қаржы бөлінген. Нысанды аяқтау мерзімі - 2019 жылдың мамыр айына белгіленіп отыр.
Сондай-ақ, Жосалы, Тереңөзек Жалағаш және Жақсықылыш кенттерін газдандыру жобасына ресепубликалық және облыстық бюджеттен есебінен 4,6 млрд. теңге қаржы қаралды. Қазіргі таңда, Жосалы, Тереңөзек және Жақсықылыш елді мекендерін газдандыру жобасына мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде. Ал, Жалағаш кентін газдандыру жобасына бюджеттің нақтылануы кезінде бөлінген қаржыға республикалық бюджеттің шешімі күтілуде.
Айта кетейік, Шиелі кентінде индустриалды аймақты газдандыру құрылысын аяқтауға облыстық бюджеттен 36,1 млн.теңге қаржы бөлініп, нысан 2019 жылдың ақпан айында пайдалануға қабылданған.