Қазалылық жастар ағылшын тілін тегін үйренуде
Қазалыдағы Жастар ресурстық орталығының мамандары жастар мен аудан тұрғындарына арнап тегін ағылшын курсын ашты. Оны аудан бойынша «English for Jastar» жобасының белсендісі, №266 мектеп-лицейдің мұғалімі Әйгерім Амантаева жүргізеді, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz.
Әйгерім Амантаева Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетін қызыл дипломмен тәмам¬даған. Қытай Халық Республикасында болып, Үрімші Шыңжаң экономика және финанс университетінде білім алған. Ағылшын тілінен бөлек орыс, неміс, түрік тілдерін де меңгерген.
Қазіргі таңда оқу курсына жиырмадан астам адам тұрақты келіп жүр. Әзірге аптасына бір рет өткізілетін тегін шет тілі курсының өткен жұмада сегізінші дәрісі өтті. Басқаларға қарағанда жасы кіші болса да, көптің қолдауымен топбасшы болып тағайындалған Ақнұр Өмірзақ сабақты асыға күтетінін жеткізді.
«Сабақ жөнінде айтар болсам, бүгін отыздан аса сөз жаттадым. Бұл бұрынғы дәрістерге қарағанда әлденеше есе көп. Мұғалім күн өткен сайын деңгейімізге сәйкес қызықты тапсырма береді. Бұдан бөлек Әйгерім Дулатқызының педагогикалық әдістері мен түсіндіру шеберлігі ерекше ұнайды. Мәселен, бүгін ағылшын тіліндегі сөздерді жаттаудың жаңа тәсілін үйретті. Осы ретте көлігінің магнитафонына шет тіліндегі жүз өлеңді енгізіп алып, күн сайын қайталап тыңдай берген жігітті мысалға келтірді. Ол осылайша бір айға жетпейтін уақытта мыңнан аса ағылшынша сөзді жаттап алған. Кейін зердесіндегі сөздерді қазақшаға аударған. Сөздік қорды дамытуда осы тәсілмен дайындалу тиімді екен, – дейді Ақнұр Өмірзақ.
Ал Жастар ресурстық орталығының директоры Олжас Ахметов ұтымды бастамаға білікті ұстаз үйлестіріп берген №266 мектеп-лицейдің басшылығына жүрекжарды алғысын жеткізді. Жоба жайындағы жарқын жоспарымен бөлісті.