Белгілі актер Қызылордадан театр ашқысы келеді
«Күлкістан» театрының актері Дархан Пірназар Сыр өңірінен әзіл-сықақ театрын ашқысы келетінін айтты, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz.
«Өскен өңір» газетінің тілшісіне берген сұхбатында белгілі актер қазіргі әзіл театрларында астарлы ой, салмағы бар әзілдер аз екенін жеткізді.
«Мойындау керек, бүгінгі күнде біз көрермендерді ертіп жатқан жоқпыз, оларға еріп жатырмыз. Солардың ыңғайына берілудеміз. Бұл дұрыс емес. Қазіргі халық астарлы емес, тікелей әзіліңді тыңдағысы келеді. Біз оған жол бермеуіміз қажет. Тіпті, өзіміз сахнада ойнап жатқан кезде, көрерменнің ықыласын сезініп тұрамыз. Сондықтан, жанымызды салып, еңбектенеміз. Ал, театрлардың жайына келсем, «алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабатын» деп айтып кеткендей, әрқайсысы қолдарынан келгендерін жасап жүр. Мен солардың ішінде Нұржан Төлендиевті ерекше атап өтер едім. Нұржан – жан-жақты. Өте ізденімпаз. Керек образдарды жақсы табады. Әзіл-сықақ театры саласында өсіп келе жатқан буынның одан алары көп», - дейді актер.
Ол екі әзіл-сықақ театрында жұмыс істеп, киноға түсіп, тойға барса да бәрі бір ақшаның жетпейтінін айтты. Оған себеп, қанағаттың аздығы екен.
«Табысым қанағаттандырады. Бірақ, ақша деген қанша көп тапсаң да жетпейді. Ең алдымен адамға қанағат керек екен. «Күлкістаннан» бөлек, «Тамаша сити» әзіл-сықақ театрында істеймін. Киноға түсіп, телеарнаға шығып жатамыз. Тойға да барамыз. Барлық ойды ақшамен байланыстырып қоюға болмайды дер едім. Бізді ерекше махаббатпен жаратқан Алланы тануды ұмытып кетпеуіміз қажет. Өзімізге ақыл жетпей жатса да, біреуге айтуға құмармыз ғой. Дегенмен, қысқа өмірде рухани дүниемізді барынша кеңейте түссек, нұр үстіне нұр болар еді», - деді Дархан Пірназар.
Журлналистің әзілді қалай табасыздар деген сұрағына халықтың арасында жүргенде қарап жүрмей образ жинап жүретінін айтып қалды.
Сонымен қатар белгілі әзілкеш арманымен де бөлісті. Ол өзінің Қызылорда қаласынан әзіл-сықақ театрын ашуды ойлап жүргенін айтты.
«Бізде мүмкіншілік мол деп ойлаймын. Талантты жастар да жетерлік. Тек қолдау болса болғаны. Жылдың соңына қарай Қызылорда қаласында жеке кешімді өткізуді жоспарлап отырмын. Әрине, ауылға жиі келіп тұрамын, той-томалақ, елде қалған ағайын-туыс бар. Жылына 3-4 рет келіп тұрамын. Жоспарымды айттым ғой. Егер әзіл-сықақ театрын ашсам, отбасымызбен осында көшіп келеміз. Мұнан өзге де жоспарлап отырған дүниелер баршылық. Барлығы алдағы күндердің еншісінде», - деп сөзін қорытындылады Дархан Пірназар.