Екінші рет көлік жүргізу құқығынан айрылды
Байқоңыр қалалық сотында Р. есімді азаматқа қатысты әкімшілік ісі қаралды, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі.
Құқық бұзушы азаматқа қатысты осыдан үш жыл бұрын 26 гарнизондық әскери сотының қаулысы шыққан болатын. Оған әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін заңға сәйкес 30 000 рубль мөлшерінде айыппұл салынды. Сонымен қатар көлік құралын жүргізу құқығынан 1 жыл 6 ай мерзімге айрылған болатын.
Бұған дейін көлік жүргізу құқығынан бір жарым жылға шеттетілген азамат ағымдағы жылдың ақпан айында мас күйінде көлік жүргізіп, қолға түскен. Ол түнгі сағат 02:10 шамасында Байқоңыр қаласының Бармин көшесінде орналасқан КПП-3 аумағына барып, Ресей Федерациясының УМВД нарядымен ұсталды.
Сот отырысында айыпталушы өз кінәсін мойындап, оның әрекеті іс құжаттарымен толық дәлелденген.
Сот қаулысымен құқық бұзушы Р. ҚР-ның Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 608-бабының 4-бөлігімен кінәлі деп танылып, 6 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды. Сондай-ақ оған 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды.
Айта кетейік, сот қаулысы заңды күшіне енбеген.