Ассамблея өкілдері мерзімінен бұрын өтетін сайлауды қолдады
Достық үйінің мәжіліс залында облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы активінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz. «Сайлау-тұрақты дамудың кепілі» тақырыбында өткен дөңгелек үстел отырысына облыстық этномәдени бірлестіктерінің жетекшілері, облыстық ҚХА құрылымдары – Қоғамдық келісім кеңестері, Аналар кеңестері, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы, ғылыми-сарапшылық топ, медиаторлар, журналистер клубының мүшелері мен сарапшылар, ақпараттық-насихаттық топ мүшелері қатысты.
«9 маусымдағы Президент сайлауы еліміздің қазіргі саяси өміріндегі ең маңызды оқиға болып табылады. Ең алдымен Қазақстанның Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл сайлау өткізутуралы қабылдаған шешімі Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізген саяси бағытының дұрыстығы мен тұрақтылығын білдіреді.
Біз Қазақстанның тұрақты даму жағдайындағы билік сабақтастығының куәгеріміз. Осы жағдай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сіңірген еңбегінің жемісі деп білеміз.
9 маусымда Қазақстан халқы Елбасы бағдарламаларын ұтымды жүзеге асыру арқылы қол жеткізетін гүлденген болашақ пайдасына және елдегі тыныштық пен бейбітшілікке таңдау жасайды деп сенемін», - деді облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Төрешова Ляйля Бегалықызы.
Дөңгелек үстел отырысында қатысушылар пікір алмасты. Тұңғыш Президент, Елбасы Н.Назарбаев, қазақстандық бірлік үлгісі мен этносаралық келісім жөнінде сөз қозғалды.
Мезгілінен бұрын өткізілетін сайлау, мемлекеттің тарихи даму бағытының тұрақтылығы туралы нақты, әрі тұшымды әңгімелер айтылды.
Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы ел Президентіне мерзімінен бұрын сайлау өткізуді толық қолдады.