Қазақстанда президент сайлауын кімдер бақылайды?
Kyzylorda-news.kz. Кезектен тыс президент сайлауына 67 халықаралық байқаушы аккредитттелді. Бұл туралы бүгін Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Зәуреш Баймолдина мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Орталық сайлау комиссиясы 9 маусымда өтетін кезектен тыс президент сайлауына халықаралық ұйымның байқаушыларын аккредиттеу туралы қаулы қабылдады.
Бүгінгі таңда президент сайлауына 67 халықаралық байқаушы аккредиттелген. Олардың 22-сі ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясының құрамындағы байқаушы.
"2019 жылы 8 мамырда Сыртқы істер министрлігінен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы демократиялық институттар және адам құқықтары бюросы миссиясының 22 ұзақ мерзімді байқаушысын аккредиттеуге ұсыныс келіп түсті. Олардың барлығы аккредиттеуге шығарылып отыр", - деді Баймолдина ОСК отырысында.
Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеу 3 маусым күні сағат 18:00-ге дейін созылады.
Аккредиттеуге ұсыныстардың келіп түсуіне қарай байқаушылар жөніндегі деректер жаңартылып отырады.
Бұған дейін Орталық сайлау комиссиясы 4 халықаралық ұйымнан 45 байқаушыны аккредиттегенін хабарлаған еді.