"7-20-25" автокредиті берілмейтін болды – Ұлттық банк
Kyzylorda-news.kz. Бұл бастаманы ҚР Ұлттық банктің бұрынғы басшысы Данияр Ақышев ұсынған болатын. Банктің қазіргі басшылығы оны іске асырмауға шешім қабылдады.
Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков "7-20-25" ипотекасы үлгісінде автокредит бағдарламасын іске асырмаудың себебін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Оның айтуынша, бас кезінде "Баспана" компаниясы "7-20-25" үлгісінде ипотекамен қалай жұмыс істесе, тура солай автокредитті де реттейді деген жоспар болған. Алайда банк басшылығы жаңа бастаманың орнына қазіргі 4 проценттік автокредит бағдарламасын күшейткен дұрыс деген шешімге келді.
"Енді, "Баспана" осы мәселеге араласпайды. Бүгінде 4 проценттік автокредит бағдарламасы бар. Онымен Қазақстанның даму банкі және тағы бірнеше банк айналысады. Біз осы бағдарламаны қаржыландыру көлемін арттыратын боламыз ", - деді Смоляков.
Ұлттық банктің жоспарына сәйкес, қосымша қаржы Қазақстанның даму банкінің облигацияларын сатып алу арқылы тартылады. Бүгінде ондай механизм бар.
"Сөйтіп, қосымша қаржыны 4 проценттік автокредит бағдарламасына жіберуге болады. Негізі, басқарма шешімінің жобасы қабылданды. Былайша айтқанда, біз дайынбыз. Басында "7-20-25" үлгісінде жаңа бір механизмді енгізуді ойладық. Бірақ 4 проценттік автокредит тұрғанда жаңа механизмнің қажеті қанша? Сол себепті біз қазіргі бағдарламаны күшейткен дұрыс деп шештік", - дейді Смоляков.
Айта кетейік, ағымдағы жылы 30 қаңтарда болған үкімет отырысында ұлттық банктің сол кездегі басшысы Данияр Ақышев "7-20-25" ипотекалық бағдарламасы үлгісінде автокредит беруге болатынын мәлімдеген. Банк аталған бастаманы қысқа уақыттың ішінде іске асыруға даяр болған. Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев та аталған бастаманы қолдаған болатын.