Есепке тұрмаған жүкті әйел айыппұл төлеуі мүмкін
Kyzylorda-news.kz. Дәрігерлер 12 апталық мерзімге неге ерекше мән береді? Әйелдер есепке тұрудан неге қашады? Енді есепке уақытылы тұрмаса айыппұл төлейтіні рас па?
Денсаулық сақтау министірлігі жүктілік мерзімі 12 аптаға толмай есепке тұрғандарға 425 мың теңге беріп ынталандыру керек дейді. Әйтпесе, толғағы қысқанша дәрігердің бетін көрмейтін әйелдер де бар көрінеді. Министр Елжан Біртанов осылайша, ана мен бала денсаулығын назарда ұстайтын боламыз деп сенеді.
Заң жобасы бекітіліп, босанған 400 мыңнан астам әйел уақытылы есепке тұрса, шамамен 170 млрд теңге берілуі тиіс екен. Ондай салмаққа мемлекеттік бюджет дайын ба?
Бойына бала біткен 100 әйелдің 13-і түсік тастайды
Тоғыз айға дейінгі кезең – әйел үшін әрі жағымды, әрі қиын, әрі жауапкершілігі мол маңызды кезең. Сондықтан уақыты есепке тұрып, белгіленген күні тексеруден өткен дұрыс.
Республика бойынша 2018 жылы жүктілік бойынша есепке тұрған 462 805 әйелдің 86,6%-ы аман-есен босанған. Яғни, 400 721 әйел аман-есен қол-аяғын бауырына алған.
Денсаулық сақтау министірлігі ұсынған деректер негізінде жасалды
Тіркеуге тұру ақшадан да маңызды
Денсаулық сақтау министірлігі ұсынған статистикаға сүйенсек, 2009 жылдан бері жүктілікпен 3 930 064 әйел есепке алынған.
Оның ішінде 12 аптасына дейін тіркеуге тұрғандардың пайыздық көрсеткіші шамамен 64,8 пайыздан 84,9 пайызға дейін болды. Яғни, 100 пайыздық көрсеткіш ешқашан болмаған дейді, Денсаулық сақтау министірлігі ресми жауабында.
Ал талап бойынша жүкті әйел 12 аптаға дейін есепке тұруы тиіс. Өйткені мәселенің ақшадан да маңызды тұстары бар.
Өміріне қауіпті ақаулар осы кезде байқалады
– Жүктіліктің 12 аптасына дейін нәрестенің ішкі ағзалары, сүйектері, қан тамыр және нерв жүйелері қалыптасады.
Сондықтан нәресте дұрыс қалыптасып жатыр ма, өрескел ақаулар (туылғаннан кейін өміріне өте қауіпті, болмаса өмір сүре алмайтын) жоқ па, сондай- ақ генетикалық аурулардың (хромосомдық) белгілері бар ма, жоқ па – осыларды анықтау өте маңызды, – дейді акушер-гинеколог Әбдіқалықова Бибігүл Иманғалиқызы.
Баланың аяқ-қолы, басы, миы дами бастайды
– 12 апталық жүктілік кезінде ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ) арқылы дамымай қалған жүктілікті, нәрестенің тек өрескел ақауларын анықтауға болады. Яғни, баланың бас сүйегінің болмауы, саусақтары, аяқ қолдары, миы болмаса, ол осы мерзімде бірден көрінеді, – дейді дәрігер.
Хромосомдық аномалияларды да (Дауна, Патау, Эдвардс синдромдарын) жүктіліктің 12 аптасына дейін қан арқылы және УДЗ арқылы болжайды. Егер хромосомдық ауытқулардыңқатері жоғары болса, инвазивтік әдіспен нақты анықтауға мүмкіндік бар.
Алғашқы 12 апта әйел үшін де маңызды
Бибігүл Иманғалиқызының айтуынша, әйелде экстрагениталды аурулар болса, бойына бала бітісімен организіміне күш түседі. Оны әйел байқамауы да мүмкін. Салдарынан денсаулығына қауіп төнеді. Сондықтан 12 аптаға дейін анаға қажетті тексерулерден өтуі керек.