Тарихқа қалам тербеген жазушы
Kyzylorda-news.kz. Шығармаларына дәуір шындығын арқау еткен «Еңбек ардагері», жазушы-үздік журналист, айбынды Аралдың төл перзенті Айжарық Сәдібеков биыл 80 жастық мерейтойын атап өтуде.
Аралда туған өңірге арнайы табан тіреген қаламгерді ұлықтау, тағлымға толы еңбек жолын жас толқынға насихат ету мақсатында «Тарихқа қалам тербеген» атты шығармашылық кеш ұйымдастырылды. Аудандық мәдениет үйінде өткен рухани кешті ашып берген аудан әкімі Мұхтар Оразбаев мерейтой иесін құттықтады.
«Бүгін мінекей, қашанда арда туған азаматтарымызды үлгі тұтып, олардың өзі барында бағалап, жасаған игі істерін ғибрат ету мақсатында Айжарық Сәдібекұлын ортамызға алып, ғибратты кештің куәгері болып отырмыз.
Құрметті Айжарық Сәдібекұлы! Қалың оқырман өзіңізді «Дария жыр», «Көктемін күткен ару», «Аққұмның ақ түндері», «Бал айы», «Ашық мұхитқа шыққан алып», «Жұмыр жерде біз бармыз» кітаптарының авторы ретінде кеңірек танығаны рас. Бүгінде Сіз қалам тербеген шығармалар халық жүрегіне жетіп, елдің ықыласына бөленіп жатса, ол, бірінші кезекте, өзіңіздің еңбегіңіздің, мамандыққа деген адалдығыңыздың, шынайылығыздың жемісі дер едім.
Біз Сізді ұрпақтар жалғастығын үзбей келе жатқан, ұлтымыздың ұлы қасиеттерін бойында сақтаған, ақсақал болудың әдемі жолын, арда жолын көрсетіп келе жатқан азамат ретінді мақтан етеміз!», - деді аудан әкімі.
Сонымен қатар, Арал ауданының Құрметті азаматы Айжарық Сәдібекұлына кәделі сый-сияпат танытып, Құрмет грамотасын табыс етті.
Одан әрі дербес зейнеткер, ҚР журналистер одағының мүшесі, ҚР-ның мәдениет қайраткері Шәкірат Дәрмағамбетов әріптес інісі А.Сәдібековтың бітім-болмысы, еңбеккерлігі жайында тұшымды әңгіме қозғап, келешек ұрпаққа үлгі боларлықтай баталы лебізін жолдады.
Қаламгердің өмірі мен шығармашылығына арналған рухани кешке арнайы қатысқан филология ғылымдарының кандидаты, доцент, тілші, ғалым – Шанжархан Бекмағамбетов, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, журналистер одағының мүшесі, ғалым, әдебиеттанушы – Алдажар Әбілов және ақын, Ж.Әбдірашев атындағы әдеби сыйлықтың иегері – Толыбай Абылаевтар сөз алып, көпшілікке жазушының өнегелі өмірі мен шығармашылық жолы туралы естеліктерімен бөлісті.
Өз кезегінде мерейтой иесі Айжарық Сәдібекұлы да бүгінгі тағлымды шараның өтуіне ұйытқы болған аудан басшысына, ыстық ықыласымен құшақ жайған жерлестеріне алғысын жаудырып, ризашылығын жеткізді.
Мұнан әрі, шара барысында жазу стилі ерек, ой иірімдері айрықша талант иесіне деген құрмет әдемі тілек, жылы лебіз, әсем ән болып өрілді.