Ақын Мешітбай Құттықовты еске алу кеші өтті
Kyzylorda-News.kz. Арал ауданында ақын, жазушы Мешітбай Құттықовтың 85 жылдығына арналған «Аралды сүю керек қайтқанда да» атты әдеби-әуенді кеш өтті.
Әдебиет жанрының барлық түріне қалам тербеген ақынның шығармашылығына арналған шараның шымылдығы ақынның өмір естеліктерімен түрілді. Одан әрі әдеби кешке қатысқан аудан әкімінің орынбасары Бектемір Жұмағұлов ақынның тұлғалық келбетіне, шығармашылық жолына тоқтала келе ақынның ұрпақтарына ізгі лебізін білдірді.
Сонымен қатар, кеш барысында қаламгердің рухани інілері атанып кеткен Әнес Әуезов пен Жұмабай Жақыптар да ақынның саналы ғұмырында жасаған ерен еңбектерін ортаға салып, естеліктерімен бөлісті. Сондай-ақ, Мешітбай Құттықовтың шығармаларын мектеп қабырғасында кеңінен насихаттау қажет екендігін тілге тиек етті.
Ақын Мешітбай Құттықовты еске алуға арналған кеш соңы концертке ұласты.