Қазақстандықтар сайлаушылар тізімінде бар-жоғын 25 мамырдан бастап тексере алады
Kyzylorda-news.kz. Қазіргі уақытта сайлаушылар тізімінде 11947995 азамат бар. Қазақстандықтар сайлаушылар тізімінде бар-жоғын 25 мамырдан бастап тексере алады. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"25 мамырдан бастап әр сайлаушыға тізіммен танысу мүмкіндігі беріледі, тиісінше әр азамат өзінің тізімде бар-жоғын тексере алады", - деді Петров Орталық сайлау комиссиясының отырысынан кейін.
Ол сайлаушылар саны өзгеруі мүмкін екенін айтты.
"Егер азаматтар сайлау учаскесіне келіп, өздерін тізімге енгізсе, онда бұл цифр өзгеруі мүмкін. Мұны дауыс беру күніне дейін жасауға болады", - деді ОСК төрағасының орынбасары.
Айта кетсек, әкімдіктер әрбір сайлау учаскесі бойынша сайлаушылар тізімін сайлау комиссияларына 20 мамырда тапсырған. Осы тізімдерге сай сайлаушылардың жалпы саны 11947995 адамды құрап отыр.
Сондай-ақ, Орталық сайлау комиссиясы сайлау бюллетендерінің саны мен мәтінін бекітті. Алдағы кезектен тыс президент сайлауына 12067475 сайлау бюллетені дайындалмақ.