Қазақстандағы өңірлер бойынша айт намазының уақыты
Kyzylorda-news.kz. 2019 жылдың 5 маусымы - Ораза айттың бірінші күні. Осыған орай, Қазақстан қалалары бойынша айт намазының уақыты белгілі болды деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мәлімет Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының ресми сайтынан (muftyat.kz) алынып отыр. Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында, сондай-ақ Маңғыстау, Түркістан, Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында Ораза айт намазы оқылатын уақыт сағат 07:00-ге белгіленген. Ал Алматы облысы мен Қызылорда қаласында сағат 06:00-де, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Алматы қаласы, Қарағанды облыстарында сағат 06:30, Қостанай облысында сағат 07:30-да оқылады.
Тоқтала кететін жайт, биыл пітір садақасы Рамазан айында, яғни рамазан айы басталғаннан бастап айт намазына дейінгі аралықта берілу қажет. Егер пітір садақасын бермегендер болса бірінші кезекте Айт намазына дейін пітір садақасын беруі тиіс. Айт намазынан кейін берілген садақа пітір садақа емес жәй садақа болып есептеледі.
Ораза айтындағы мұсылманның жасауы тиіс амалдар: тәкбір айту, Айт намазын оқу, намазға шығар алдында құрма жеп шығу, жаңа киім кию, ғұсыл құйыну, әтірлену. Ораза және Құрбан айт күндері ораза ұстауға болмайды.