«НҰРЛЫ ЖОЛ» МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫ: МІНДЕТТЕРІ, ҚОРЫТЫНДЫСЫ, КЕЛЕШЕГІ
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында алғаш рет «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту бағдарламасымен таныстырды, ол бүгінде ел экономикасы өсімінің негізгі қозғаушы күші саналады.
Мемлекеттік бағдарлама іске асырылып жатқан үш жыл ішінде оның еліміздің ЖІӨ өсіміне елеулі ықпал тигізіп жатқаны, жаңа жұмыс орындарын ашуға, транзиттік жүк ағындарын ұлғайтуға, заманауи және сапалы автокөлік жолдарының пайда болуына, сондай-ақ, жалпы әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартуға септігі тиіп жатқаны айғақталды.
БӘРІ ҚАЛАЙ БАСТАЛДЫ?
2014 жылғы 11 қарашада Мемлекет басшысы алдағы жылға арналған кезекті Жолдауын халыққа таныстыру кезінде Жаңа экономикалық саясат – «Нұрлы жол» туралы мәлімдеді. Ол алдағы жылдары Қазақстан экономикасы өсімінің негізгі қозғаушысы болуды, сондай-ақ, әлемдегі ең озық дамыған 30 елдің қатарына қосылудың маңызды қадамына айналуды көздейді.
Жолдаудың негізгі арқауы әлемдік экономиканың жаңа сын-тегеуріндері мен қауіптері тұрғысынан Қазақстанның экономикалық саясатын қайта бағдарлау болды.
Осыған байланысты экономикалық өсуді қалыптастыруға қатысты кейбір тәсілдер қайта қаралып, алдағы кезеңге арналған даму жоспарларына түзетулер енгізілді.
Бағдарламаның негізгі мақсаттары ретінде мыналар анықталды: Астанадан барлық аймақтарға сәуле қағидаты бойынша тиімді көлік-логистикалық инфрақұрылымды құру, индустриялық, туристік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ энергетикалық секторды нығайту.
Іске асыру барысында бағдарламаға бірқатар өзгерістер енгізілді: 2017 жылы тұрғын үй құрылысы бағыты «Нұрлы жер» жаңа мемлекеттік бағдарламасына ауыстырылды, геологиялық барлау басқа нормативтік-құқықтық актілерде де көрініс тапты. Осылайша «Нұрлы жол» көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамытудың бірыңғай бағдарламасы болып қалды.
БІРІНШІ КЕЗЕҢ ҚОРЫТЫНДЫЛАРЫ (2015–2016 ЖЖ..)
Инвестициялар және даму министрлігінің мәліметтері бойынша, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын орындап бастағаннан бері 2015–2016 жылдары республикалық маңыздағы 2 мың шақырым автокөлік жолдарында құрылыс және реконструкция жұмыстары жүргізілді, оның ішінде 1,3 мың шақырымы І және ІІ техникалық санаттар бойынша пайдалануға берілді. Сонымен қатар құрылыс жұмыстарына 75 мың адам тартылды. Отандық өндірістің 93% жол-құрылыс материалдары пайдаланылды.
«Орталық – Оңтүстік» жобасы бойынша 2016 жылы жалпы ұзындығы 275 шақырым болатын «Астана – Теміртау» және «Алматы – Қапшағай учаскелерін жөндеу жұмыстары аяқталды. «Орталық – Шығыс» жобасы бойынша іске асыру басталғалы бері 230 шақырым жол пайдалануға берілді. «Орталық – Батыс» жобасы бойынша «Астана – Қостанай» автожолын және «Ақтөбе – Қарабұтақ – Денисовка» учаскесін жөндеу толықтай аяқталды.
Мемлекеттік бағдарлама аясында жалпы Қазақстан экономикасы мен көліктік-логистикалық әлеуетін дамытуға елеулі үлес қоса алатын маңызды жобалар іске асырылды. Бұл — «Қорғас» ХШЫО, «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА, Ақтау портын дамыту бойынша солтүстік жобасы, жаңа Құрық порты. Соның ішінде 2016 жылғы желтоқсанда Құрық портында қуаттылығы 4 млн тонна болатын темір жол паром кешені іске қосылды.
Сондай-ақ елеулі институционалдық өзгерістер болды. Мәселен, «ҚТЖ» ҰК-ға жаңа өкілеттіктер беру, соның нәтижесінде компания мультимодальды халықаралық операторға айналды. Ақтау порты мен әуежайлар компанияның басқаруына өткізілді, кеме қатынасы компаниялары құрылды, екі құрғақ жүк таситын кеме сатып алынды (келешекте 14-ке жеткізу көзделген). Бұдан өзге 2016 жылы елордада ірі көлік-логистикалық орталық пайдалануға берілді.
ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТЫ НАЗАРДА
2017 жылғы қаңтар айында Мемлекет басшысы «Үшінші жаңғыру: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында өткен екі жылда «Нұрлы жол» бағдарламасы өзін толықтай ақтағанын айтып, оны экономиканың басты қозғаушысы ретінде одан әрі іске асыруды жалғастыру міндетін қойды.
«Биыл республикалық маңызы бар 4 400 шақырым автожол құрылысы мен қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Жыл соңына дейін соның кем дегенде 600 шақырымы пайдалануға беріліп, кезең-кезеңімен ақылы жүйе енгізіледі.
Еліміздің көлік және транзит әлеуетін толық ашу үшін көрші елдермен үйлесімді іс-қимыл қажет. Жүктердің еркін транзитін, көлік дәліздерін құру мен оларды жаңғырту ісін қамтамасыз ету керек. Көлік инфрақұрылымын басқаруға, қызмет көрсету деңгейін арттыруға және әкімшілік кедергілерді жоюға ерекше көңіл аудару қажет.
Транскаспий дәлізі бойынша тасымалдау көлемінің ұлғаюына байланысты Құрық портын салудың екінші кезеңі – автомобиль өткелі құрылысын іске асыруға кірісу қажет», — делінген жаңа Жолдауда.
Бағдарламаның бағыттары өзгеріссіз қала бермек — жолдар құрылысы, инфрақұрылымды білім беру нысандарына және арнайы экономикалық аймақтарға жүргізу, «Бизнестің жол картасы – 2020» аясында табиғи монополиялар субъектілерінің инфрақұрылымын жақсарту, сондай-ақ экспортты қолдау.
Бүгін «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру толық қарқынмен жүріп жатыр, ағымдағы жылы мемлекеттік бюджеттен олардың жобаларына 484 млрд теңге бөлінді. Негізінен бұл ұзақ мерзімді жобалар — автомобиль және темір жолдар, сумен қамту, инженерлік коммуникациялар.
Бағдарламаны іске асыру барысы Үкіметтің тұрақты бақылауында. Осылайша, республиканың өңірлеріне жұмыс сапарлары кезінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыру барысын тұрақты түрде тексереді.
2017 жылы бағдарлама аясында автожолдар құрылысы кезінде едәуір көп жұмыс орындары құрылды. Осылайша, егер 2016 жылы 100 мың құрылған жұмыс орындарының 70% автожолдар құрылысына бағытталса, 2017 жылы республикалық жолдар салудың өзінде ғана 100 мыңға жуық жұмыс орны құрылды.
2017 жылғы 27 қарашада Қарасай ауданы Елтай ауылында «Алматы — Шу» учаскесінде қос бағытта екі жол бойынша пойыздар қозғалысы іске қосылды. Қарасай ауданында жоба аясында ұзындығы 2 км «Елтай — Мерей» жаңа автожолы және теміржолдар арқылы 740-метрлік автомобиль өтпежолы салынды. Оның өткізу қабілеті тәулігіне 17 мың автомобильді құрайды.
Аталған жоба барлық біздің теміржол желісі үшін үлкен маңызға ие, себебі «Алматы — Шу» учаскесінде жүктеме көп. Екінші жолдарды іске қосу жолаушылар және контейнерлік транзиттік жүрдек пойыздардың өткізу қабілетін 4 есе арттырады. Бұл сондай-ақ 2012 жылы қабылданған жолаушылар пойыздарының жылдамдықты қозғалысы бағдарламасына сәйкес пойыздарды пайдалануды жеңілдетеді.
Жалпы 2017 жылы автомобиль жолдарын салуға 255,6 млрд теңге бағытталды, олардың 2017 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 193,5 млрд теңге игерілді. Ағымдағы жылы жөндеу нысандары бойынша республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында 602 км автожолдарда қозғалыс ашылды.
ТКШ, су және жылумен қамту желілерін жаңғыртуға және су бұруға 2017 жылы Ұлттық қор қаражатынан 51,7 млрд теңге қарастырылған. 2017 ж. 1 желтоқсандағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдарға 49,8 млрд теңге аударылды, бұл қаржыландыру жоспарының 100% құрайды.
2017 жылы жоспарланған 700 км инженерлік желілердің 686,6 шақырымы салынды және жөндеуден өтті, олардың ішінде жылу беру желілері 17 км, сумен қамту және су бұру желілері 669,6 км. 2017 жылы Ұлттық қор қаражатынан 109 мектептің құрылысына 68,1 млрд теңге бөлінді. Ағымдағы жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша жергілікті бюджеттерге 65,2 млрд теңге аударылды, олардың ішінде ЖАО 62,5 млрд теңгені игерді. 2017 жылғы 1 желтоқсанға әкімдіктердің есептері бойынша білім берудің 64 нысаны пайдалануға берілді. Сондай-ақ, 2017 жылы Астанада екінші теміржол вокзалы мен әуежай терминалы ашылды.
АЛДАҒЫ ЖОСПАРЛАР ТУРАЛЫ
Болашақта «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 2020 жылға дейін 6,5 мың км ақылы жолдарды енгізу жоспарланған. Олардың ішінде 469 км ағымдағы жылы. Бұл «Астана — Теміртау», «Алматы — Қапшағай», «Алматы — Қорғас». Жалпы 2020 жылға қарай 7 мың км-ге жуық жолдарды жөндеумен және салумен қамту жоспарланған.
2020 жылға дейін «Денисовка — Қостанай» (114 км) учаскесін аяқтау жоспарланған. «Қапшағай — Талдықорған», «Астана — Петропавл — РФ шекарасы» мен «Орал — Каменка» ауыспалы жобалары бойынша іске асыру жалғасуда.
Сонымен бірге, транзиттік контейнерлік тасымалдар саны 10 есеге ұлғаяды — 2 млн контейнерге дейін. Транзиттік авиа жолаушылар ағымының 4 есеге 1,6 млн дейін өсімі жоспарланған. Порттардың өткізу қабілеті 2020 жылы 24 млн тоннаны құрауы тиіс.
Осылайша, іске асырылған үш жылда өзінің табыстылығын және Қазақстанның экономикалық өсімі үшін маңыздылығын көрсеткен «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бүгінде іскерлік белсенділіктің, өнімділіктің және елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының кепілі болып табылады, аталған үдерістің қарқыны мен бағыттарын қалыптастырады.