ҚАРАҚШЫЛЫҚ ШАБУЫЛ ЖАСАҒАНДАР ҰСТАЛДЫ
Қаңтар айының 2-нен 3-не қараған түні сағат 00.30 шамасында А.Байтұрсынов көшесінің бойында орналасқан ойынханалардың біріне бетперде киген бір топ белгісіз азаматтар баса-көктеп кірген. Ойынхана кассирін пышақпен қорқытқан олар 220 000 теңге алып, оқиға орнынан бой тасалаған. Бұл туралы Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі хабарлайды.
Қызылорда қалалық Ішкі істер басқармасының «102» арнасына түскен хабарлама негізінде жедел-тергеу тобы жетіп, оқиға орнынан 9-шы калибрлі «Стриммер» газды-травматикалық тапанша тапты. Осыдан кейін ұйымдастырылған жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде 18, 21 және 22 жастағы 4 азамат ұсталып, барлығы да уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды.
Аталған дерек сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 192-бабы 2-бөлігімен тіркеліп, тергеу амалдары жүргізілуде.