ҚЫЗЫЛОРДАДА ШЕКАРАНЫ ЗАҢСЫЗ КЕСІП ӨТКЕН ӨЗБЕК АЗАМАТЫ ҰСТАЛДЫ
«Мигрант» жедел-профилактикалық шарасы барысында қызылордалық полицейлер шекараны қасақана заңсыз кесіп өткен Өзбекстан Республикасының 42 жастағы азаматын ұстады. Тексеру барысында бұл азамат 2017 жылы Оңтүстік Қазақстан облысындағы Сарыағаш ауданында шекараны кесіп өткені анықталды
Аталған дерек Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне ҚР Қылмыстық кодексінің 392-бабы 1-бөлігімен тіркеліп, тиісті тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Сонымен қатар, полиция қызметкерлерімен жүргізілген рейдтік іс-шаралар кезінде ішкі істер органдарында тіркеуге тұрмай, облыс аумағында тұрып келген 4 өзбек азаматы анықталды. Жеке бастарын анықтайтын құжаттары болмаса да, аталған азаматтар қала орталығындағы үйлердің бірін жалдап тұрған.
Нәтижесінде, шетел азаматтарына ақылы тұрғын үй-жай беру қызметтерін көрсету арқылы заңсыз көші-қонды ұйымдастырғаны үшін 56 жастағы қала тұрғынына қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 394-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде.
Жалпы «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасынаң 2 күнінде шетелдік немесе азаматтығы жоқ адамның ҚР халықтың көші-қон саласындағы заңнамасын бұзу дерегі бойынша 225 шетел азаматы анықталып, ҚР-ның халықтың көші-қон саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін 25 Қазақстан Республикасы азаматына әкімшілік шаралар көрілді.
Республика шекарасын заңсыз кесіп өткен Өзбекстанның 2 азаматына қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 392-бабының 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары басталып, Қырғызстан Республикасының 3 азаматы және Өзбекстан Республикасының 28 азаматы республика аумағынан аластатылды.
Сонымен қатар, іс-шара барысында көші-қон заңнамаларын бұзуға жол берген 61 шетелдіктің Қазақстан Республикасы аумағында болу мерзімдері қысқартылды.
Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі