ЭНЕРГЕТИКА ВИЦЕ-МИНИСТРІ СӘДІБЕКОВ ҰСТАЛДЫ (видео)
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Қазақстан Республикасының энергетика министрлігінің лауазымды тұлғаларының қылмыстық іс-әрекетінің жолын кесті, деп хабарлайды BNews.kz ұлттық бюроның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Энергетика вице-министрі Ғани Сәдібеков "Аймақ" ЖШС мердігер ұйымының басшысымен қылмыстық келісімде Щучинск-Бурабай курорттық аймағындағы көлді тазартуға бөлінген аса ірі көлемдегі бюджеттік қаражатты жымқырған.
Сонымен қатар, қылмыс жасауға Энергетика министрлігінің департамент басшысы Ж.Нұрбеков және мердігерлердің өкілдері С.Жұмалинов және Б. Қадырберлин қатысқан.
Сәдібековпен қол қойылған жалған актілер бойынша Энергетика министрлігімен 2017 жылы көлемі аса арттырылған атқарылған жұмыстарға жалпы сомасы 3,6 млрд теңге төленген. Аталған қаражаттың 1 млрд теңгесі қолма-қол алынған және жымқырылған. Ол қаражат тінту барысында табылып, алынған.
Бұдан бөлек, 2018 жылға көлді тазартуға бөлінген 1,5 млрд ақша қаражатының жымқырылуы тоқтатылды.
Сәдібеков, Нұрбеков, Дуанбек, Жұмалинов және Қадырберлин ұсталды. Сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.