«Хабар» арнасында «Төле би» фильмі көрсетіледі
Kyzylorda-news.kz. «Хабар» арнасы жақында көрермендерге тарихи туынды ұсынбақ, деп хабарлайды «Хабар 24».
Түркістан облысы өңірдің бір жылдығына орай «Төле би» фильмін түсірді. Жобаның серіктесі болған «Хабар» Агенттігі 10 бөлімнен тұратын телехикаяны елорданың туған күні қарсаңында көрсетпек.
Төле би – қазақ батырларының басын біріктірген үш жүздің бас биі, орақ тілді, от ауыз қара сөздің шебері ғана емес, тіс қаққан саясаткер әрі кез келген дауды әділ шеше білген шешен. Жазушы Шойбек Орынбайдың «Төле би» романының желісі бойынша түсірілген телехикаяда Төле бабаның сан қыры көрсетіледі.
Батырхан Дәуренбеков, режиссёр:
- Төле бидің ең басты қазағымызға сіңген еңбегі – сол кездері басы бірікпей жүрген үз жүздің басын біріктіріп, батырлардың басын біріктіріп, Ордабасы төбесіне жинап, жоңғарларға соққы беруі. Біз сериалда соны көрсете алдық. Оның батырлардың алдында қалай сөйлегені, жоңғарға қарсы шығайық деп қалай насихаттауы, осының бәрі сериалда көрініс тапты.
10 бөлімнен тұратын фильмге жергілікті әртістер түскен. «Төле би» кинотуындысы тарихы тереңде жатқан Түркістан облысының бір жылдығына орайластырылып, жақын арада «Хабар» телеарнасында көрерменге жол тартпақ.
Нұрдәулет Исабек, Түркістан облысы мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы:
- Ол жерде Төле бидің өмірі, балалық шағынан қартайып, өмірден өткенге дейінгі шағы, оқиғалары, қандай билік, дәрежеге жетті. Сол қозғалған. Жалпы, фильм 153 млн теңгеге түсірілді. 6 шілде күні Нұр-Сұлтан қаласының туған күнінде «Хабардан» көрсетіледі.
Қазақстан астанасына Түркістан облысынан ат терлетіп келген өнер саласының майталмандары ертең орталық БАҚ басшыларына анимациялық фильмдерді де ұсынбақ. Реті келсе, Түркістан облысының ұжымы бұл туындыларды телеарналарға тегін таратуға дайын.