АСТАНА – ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЕМІСІ
Бүгін Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Тәуелсіздік-Мәңгілік елдің тұғыры» тақырыбында кең көлемді кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Кітапхана аванзалында еліміздің тәуелсіздік алған сәтінен бастап бүгінге дейінгі жүріп өткен жолы туралы еңбектер және тәуелсіздік жылдарында баспадан шыққан туындылардан кітап көрмесі жасалып, экраннан «Кемеңгер» атты деректі фильм көрсетілді.
Ата - бабамыздың тәуелсіздік жолындағы ерлігін үлгі етіп, еркін елдің мемлекет ретінде қалыптасу тарихына шолу жасау, тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың кемел саясаты мен ерен еңбегі арқасында еліміздің жеткен жетістіктері мен рухани игі өзгерістер белесін көпшілікке танытуды көздеген кітап көрмесі 4 бөлімнен тұрады.
«Қазақ мемлекеттілігінің дамуы» атты бөлімде қазақ хандығы кезеңінен бүгінгі күнге дейінгі алаш қайраткерлерінің саяси күресі туралы әдебиеттер қойылған.
Тұңғыш Президенттің ғибратты ғұмыры, еркін мемлекет құру, экономикасы қуатты, саясаты тұрақты, ынтымақшыл ел жасау жолындағы қасиетті тарихымыз туралы әдебиеттер көрменің «Қазақстанның тарихи белестері» бөлімінде орналастырылды.
«Мәңгілік ел-Тәуелсіз Қазақстанның ұлы мұраты» бөлімінде Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының мақсаты мен мүддесін айқындайтын әдеби туындылар ұсынылған.
Астананың алғашқы авторы – Тәуелсіздік. Астананың өмірге келуі, Қазақстанның жаңа тарихының ең бір қиын да жарқын сәттерін баяндайтын әдебиеттер «Астана – Тәуелсіздік жемісі» бөлімінен орын тапты.
Көрмеге 700-ден аса кітап, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жолдауы мен бағдарламалық құжаты, альбомдар, мерзімді басылымдар, фотосуреттер қойылды.