ФОТОСУРЕТШІНІҢ ЖЕКЕ КӨРМЕСІ ӨТІП ЖАТЫР
Қызылорда қаласындағы көркемсурет галереясында белгілі фотосуретші Андрей Тайгуновтың «Сырдың сиқырлы саздары» атты жеке фотосурет көрмесі ашылғанын бұған дейін де хабарлағанбыз. Бұл шара Ел Тәуелсіздігінің 26 жылдығына орай Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ұйымдастырылуда.
Бір айға созылатын көрмеге Сыр өңірінің тыныс-тіршілігін бейнелейтін 40-тан астам дүние қойылған. Мұнда шын өнердің құдіреттілігін түсінген жұртшылықтың қарасы көп. Олардың барлығы да кейіпкердің туындыларын көруге құштар.
Кеш иесінің бұл өнерге деген құштарлығы 10 жасында оянған екен. Соңғы жылдары тек тылсым табиғаттың құпиясына бойлап, әр мезгілдің сырына қанығып, қас қағым сәттерді тарихқа айналдырып жүр.
Қайталанбас дүниені қарбалас сәтте қалт жібермеудің өзі асқан шеберлік. Оның ішінде Табиғат-ананың ғажап көрінісін қаз-қалпында ұсыну кез келгеннің қолынан келмейді. Мәселен, асқар таулардың биіктігін аласартпай, дархан даланың кеңдігін дәріптеу әрбір шығармашылық иесінің қиялына байланысты.
Қашанда өнер атты құдірет халықтың ұлылығын ұқтыруға қызмет етеді. Ал, сурет арқылы айналадағы әсемдікті көріп, оны сезіне аламыз. Көрмедегі туындыларды табиғаттың тылсым құдіретін сезіндіреді.