Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » Қызылордада ақын Әділ Ботпановтың 50 жасына арналған кеш өтті (ФОТО)

Қызылордада ақын Әділ Ботпановтың 50 жасына арналған кеш өтті (ФОТО)

Kyzylorda-news.kz. Осыдан 22 жыл бұрын 27 жасында хабар-ошарсыз жоғалып кеткен қызылордалық ақын Әділ Ботпановтың есімі жыр сүйер қауымға жақсы таныс. Өмірде бар-жоғы әлі күнге белгісіз тағдыры тылсымға толы ақын биыл 50 жасқа толды.
Ақынның осы мерейтойына орай Аманжол Оңғарбаев, Дүйсенбек Аяшұлы бастаған сырбойылық курстас достары Қызылордада «Мені өледі деген сөздер – ертегі...» атты поэтикалық жыр кешін ұйымдастырды.
Не бары 20 жасында қазақ поэзиясындағы «құбылыс» атанған Әділ Ботпановты барша қазақ білмегенімен, әдеби орта – ақын-жазушы, қалам иелеріне оның есімі, өлеңдері, аяқталмай қалған проза, драматургиясы таныс. Әділ жарқ етті де жоқ болды… Ізім-қайым. Не бары, не жоғы белгісіз...
Әділді ең алғаш болып белгілі ақын Жарас Сәрсек досы «Қазақ әдебиеті» газетінде «Қайдасың, Әділ?!» деген мақала жариялап, іздеді. Жазушы-журналист Қанат Тілеухан «Аққан жұлдыз» атты радиохабар жасады. Құрдасы, курстасы, ақын Бауыржан Бабажанұлы Әділ Ботпановтың шығармашылық кешін ұйымдастырып, жиып-теріп «Өмірзая» атты шағын ғана кітабының шығуына ұйытқы болды.
Кейінгі кезде курстасы, белгілі продюсер Базарбек Атығай «Алматы» телеарнасынан Әділ Ботпанов туралы «Сәуле-ғұмыр» атты телебағдарлама ұйымдастырды. Осындай шаралардың басы-қасында үнемі Аманжол Оңғарбаев атты досы жүрді.
Сыр елінде өткен ерекше кеш шымылдығы Әділ Ботпановтың өмірі мен шығармашылығынан арналған деректі фильмнен бастау алды. Онда көрермендерге ақын туралы жан-жақты мағлұматтар ұсынылды.
Жарқын естеліктерге толы фильм ақын Әділдің шығармашылығын арқау еткен қойылымға ұласты. Қойылымда қызылордалық жас таланттар ақынның өлеңдерін нақышына келтіре орындай отырып, «құбылыс» Ботпановтың болмысын жан-жақты аша түсті. Ақынның жүректерді тербеген жалынды жырлары көрермен көңілін тебірентіп, ерекше сезімге бөледі. Бір ғажабы ақынның өзінің өмірін «Өмірзая» деп бағалапты.
Өмірзая. Бұл – жай жұлдыз емес. Өзге жұлдыздардан ерте туып, түнгі аспанда айдың астын мекендейтін шамшырақ. Бір ерекшелігі, қараңғы көкке алғаш сәулесін шашқанымен, өзге жұл¬дыздар оянғанда өшетін жұл¬дыздың атауы – бұл. Адамдар да жұлдыздар іспетті. Бірі көк жүзінде түнімен жарқырап тұ¬рады. Алайда, адамдарға берер әсері шамалы. Ал, бірі азғантай уақыт түнгі аспанда жарқ етеді. Ол пенденің санасында сағыныш сезімін тудырады.
Осындай «жұлдыздың» бірі - Әділ Ботпанов десек артықтық етпес. Өзі айтқандай қараңғы аспан төрін¬де жарқ етті де ғайып болды. Сонан¬ бері жұрт оны сағынып жүр. Оның тағы бір мәрте ай астын¬ан көрінуін күтеді. Ал, Өмірзая оларды сағындыра түседі. Әділ Ботпанов жайлы сөз еткенде, жоғалған жұлдыз көз алдымы¬зға елестейді. Ол жо¬ғалды. Әлі де табылмай келеді. 27 жасында жоғалған ел азаматы жүрекке «Келеді» деген сенімді ұялатады. Әрине, өзі жоқ болғанымен, оның ұшқыр қаламынан туған жырлары ел аузында жүр...
Ақмешіт аспанын жырға бөлеген поэтикалық кеште оның курстас достары ақын Бауыржан Бабажанұлы, Кенже Байназаров, актер Әділжан Шомбалов та Сыр елінің төрінен табылды. Достары тағдырлы ақын туралы түрлі естеліктерімен бөлісті, оның жырларын жатқа оқыды.
«Қазығұрт» баспасының директоры Темірғали Көпбаев жоғарыда аталған «Өмірзая» кітабын алғаш болып 1000 данасын тегін шығарғаны ел есінде. Кейіннен қызылордалық жерлестері тағы да мың данаға тапсырыс беріп, арнайы шығартты. Бүгінгі кешке Әділдің досы Әділжан Шомбалов тағы да 500 данасын шығарып әкеліп, елге таратты. Оның бір бөлігі облыс пен аудандардағы барлық кітапханаға 10 данадан тегін берілетінін жеткізді.
Міне, өзі жоғалса да, өлеңі жоғалмаған ақынды дәріптеген поэтикалық кештің екінші бөлімі «Әділдің жыр әлемі – жүрегімде» атты республикалық ақындар мүшәйрасына ұласты.
Жыр мүшәйрасына алдын ала жасалған хабарландыру бойынша 30-ға жуық ақынның өлеңдері келіп түсіп, арнайы комиссия 8 ақынды іріктеп алыпты. Мүшәйра талабы бойынша ақындар 2 өлеңнен оқыды, біріншісі – тағдырлы ақын Әділ Ботпановқа арнау, екіншісі – еркін тақырыптағы өлең.
«Ақтөбе» газетінің бас редакторы, ақын Бауыржан Бабажанұлы, ақын, режиссер-сценарист Оңталап Нұрмаханов, айтыскер ақын, 2 мәрте «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов республикалық жыр мүшәйрасына қазылық жасап, шын жүйріктерді анықтады.
Мүшәйра қорытындысымен қызылордалық Ақтілек Бітімбай, Айдана Ерболат, Алматы қаласынан келген Ақдидар Әлібекқызы, Көкбөрі Мүбәрак ынталандыру сыйлықтарына ие болды.
Үшінші орынға түркістандық Тілеубек Батысұлы мен қазалылық Әлихан Махашев лайық деп танылса, екінші орынды Павлодар қаласынан келген Алтынбек Елемесұлы қанжығасына байлады.
Ал, І орынды аралдық Биболат Сәтжан еншіледі.
Жүлдегерлердің барлығына қаржылай сыйлықтар табыс етілді.
Биболат Сәтжанға жүлдені тапсырған Әділ Ботпановтың досы Аманжол Сақыпұлы бүгінгі мүшәйрада жеңімпаз атанған ақынның жыр жинағын 1000 данамен өз қаражатына шығарып беретінін жеткізді.
Ерекше өткен поэтикалық кеш соңында ақынның туған ағасы Данабек Әнуарұлы мен Гүлсім Ботпанова сөз алып, ұйымдастырушыларға алғыстарын жеткізді. Ботпановтар отбасының атынан мүшәйраға қатысқан барлық ақындар мен қазылар алқасына, Әділ Ботпановтың достарына қазақтың қасиетті қара домбырасын, басқа да сыйлықтарын сыйға тартты.
P.S: «Әділдің атын атағаннан кейін үш нүкте қоюға мәжбүрміз. Бірақ бұл үш нүкте Әділдің өмірі мен шығармашылығына қойылған нүкте емес», – депті Маралтай ақын бір естелігінде. Солай болсын дейміз…

Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЕВ
Журналист.











29 қараша 2019 ж. 650 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области