Қызылордада жас ақындар мүшәйрасының жеңімпаздары марапатталды
Kyzylorda-news.kz. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев пен Қызылорда облысының әкімі Қуаныш Ысқақов «Ақынның қаламы – адалдық алаңы» атты облыстық жас ақындар мүшәйрасының жеңімпаздарын марапаттады. Облыстық жастар ресурстық орталығында Жастар жылы аясында аймақтағы шығармашыл жастардың шабытын шыңдау мақсатында Қызылорда облысының әкімдігі, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті және «Ақмешіт – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің ұйымдастыруымен өткен «Ақынның қаламы – адалдық алаңы» атты облыстық жас ақындар мүшәйрасының жеңімпаздары анықталды.
Жас ақын Бейбіт Нұрдәулет:
«Ешкім жоқ ақиқаттан асқан әлі,
Ақиқат адалдықтың бас қадамы.
Үміт артсаң қол созып ертеңіңе,
Ертеңгі күн бүгіннен басталады» – деп жырлағандай, шараның мақсаты жастар бойында адалдық пен сенімділікті, парасаттылықты және сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру, отансүйгіштікті кеңінен насихаттау, жас ақындар шығармашылығына қолдау болды.
Жеңімпаздарды марапаттау сәтінде Алик Шпекбаев: «Ақыл – жастан, асыл – тастан дегендей, ақыл да, тың идея да жастардан бастау алады. Демек, жемқорлықсыз, жаңа тұрпатты қоғам құру жастардың қолында», – деді.
Шынымен де, мыңжылдығын ойлаған ел саналы ұрпақ тәрбиелейтіні анық.
Мүшәйра қорытындысымен жас ақындар шығармаларын жинақтап, баспаға ұсынып көлемді данада шағын кітапша шығарып, халық арасында парасаттылық құндылықтарын кеңінен насихаттау жоспарлануда.