ҰЛТТЫҚ НАҚЫШ – ЮНЕСКО КҮНТІЗБЕСІНДЕ
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ұзақ жылдар бойы жемісті қызмет етіп, фотоөнерде өз қолтаңбасын қалыптастырған Марат Жүнісбеков есімі көпшілікке көзтартар, әсем суреттерімен жақсы таныс. Өткен жылы ол Біріккен Ұлттар Ұйымының ЮНЕСКО-дағы суреттер конкурсына қатысып, үздіктер қатарынан көрінген. Нәтижесінде, биыл оны ЮНЕСКО-ның Орта Азиядағы бюросының басшысы және өкілі Криста Пиккат ханым штаб пәтеріне арнайы шақырып, суреттер күнтізбеге енгенін хабарлады.
Бұл күнтізбенің ерекшелігі, Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше 193 елге тарайды, сонымен бірге ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб пәтеріне де жіберіледі.
Күнтізбеге енгізілген суреттің Наурыз мейрамында түсірілгенін айрықша атап өткен жөн. Жаңа жылдың бастауы, күн мен түннің теңесуінде бүлдіршіндердің ұлттық киімде билеп жүргені өте әсерлі екені анық. Марат Жүнісбеков осылайша сурет өнері арқылы Қазақ елін, оның мәдениеті мен дәстүрін таныту үлкен бақыт екенін айта кетіп, алдына үлкен мақсаттар қойып отырғанына тоқталды. Ол осы еңбегі арқылы Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасына өз үлесін тигізетініне сенімі мол. «Бұл күнтізбедегі бір суреттің өзі еліміз, ұлттық дүниетаным жайында дұрыс пікір қалыптастыруға септігін тигізеді деп білемін. Қаншама шетелге тарайтын күнтізбеде суретіммен қоса аты-жөнім жазылғаны маңызды емес. Бәрінен де еліміздің болашағы – балалардың Наурызды тойлау сәті енгені көңілге жылулық ұялатады» деді ол.