Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ШАТАҚТЫ ЖЕҢГЕН ШАПАН

ШАТАҚТЫ ЖЕҢГЕН ШАПАН


Ел іші телі-тентексіз болмайтыны белгілі. Өткен ғасырдың бас шенінде Қармақшының бұрынғы «Ленин» совхозында бір тентек адам өмір сүріпті. Осы атырапқа атақ-даңқын төбелеспен шығарған тентек былайғы күні де жөн сөйлемей бұра тартып отыратын, басынан сөз асырмайтын жан екен. Ол осы мінезінен барқадам таппаса да сүйекке сіңді әдеттен қартайғанша арыла алмапты.
Бірде ел жаз жайлауға шыға үлкен ас болатын болады. Байдың балалары әке рухына арнап ұлан-асыр ас бермекке пәтуа жасасып, оны ұйымдастырушылар дайындық жұмысына ерте көктемнен белсене кірісіпті дейді. Осы жауапты жұмысты қолға алған байдың ұрпақтары ақсақалдардың ақылымен ауылда той дүрмегі шықса төбелес шығаратын әлгі шатаққа алдын-ала епті адамды жіберіпті. Елші жігіт орамды ойын былайша өрнектепті: – Жасыңыз болса ұлғайып қалды. Қарап отырсақ, осы кезге дейін сіз барған той-думанның бірде-бірі төбелессіз тарқамапты. Ендігі өтініш сол, осы жолы дау-дамайға араласып, шатақ шығармасаңыз екен. Біздің тілегіміз – тойды өзіндік сән-салтанатымен өткізу. Егер бұл жолы шатаққа араласпасаңыз иығыңа су жаңа шапан жабамыз.
Жайшылыққа ешкімге иліге қоймайтын қиқар жан бұл жолы айтылған шартқа келісе керек. Онда да “Кәрі қойдың жасындай жасым қалды” деп қарттықты мойындағаннан емес, талай тартыс-жұлысты басынан өткізген шапаны жұлым-жұлым болғандықтан айтқан уәжге илігеді. “Жарлының бір тойғаны – шала байығаны” деген, ең болмаса шапанымды бүтіндеп алайын” деген ішкі есеппен шатақ шығармауға уәдесін беріпті.
Сонымен мезгілінде әлгі ас та басталыпты. Әр жерде ду-ду күлкі, абыр-сабыр қимыл, дүбірлі думан қызып жатыр. Балуандардың күресі мен жыршылардың өнерін тамашалап жүргендердің ортасында алшаң басып шатақ шал да жүреді. Әңгімеге құлақ тосса, біреулер елден жүлдеге түсетін жүйріктер мен балуандарды санап әуре. Астың бәйгесіне не тігілетін айтып сырттай тон пішіп жүргендері де аз емес.
Атсейістер мал танитын сыралғылығына салып, бәйге аттарына өзінше сын айтып, өзара гу-гу. Осылайша, думаншы топ той қызығымен жүр.
Ол керілдескендердің кеу-кеуіне араласпай, арқа қоздыратын төңіректен шиыршық атса да көзін сүзіп өтеді. Оқшау жүрген оған өзіндік сән-салтанатымен жалғасып жатқан думан тіпті қызықсыз көрініпті. Әлденеге алаң боп, жүрегі ойнақшыған ол: “Тәйірі, төбелессіз өткен той - той ма екен?” деп көңілі қоңылтақсып, өзі-өзінен күбірлеп жүреді. Әрі-беріден соң “Шапан беремін дегені құртып отыр ғой мені. Әйтпесе талай жанжалдың реті кетті-ау! Әттең, әттең! “ - деп, жерге шырт түкіріп, қолын ысқылайтын көрінеді. Осы сәтте кешегі аз ғана қызықты келте дәурені еске оралып, көз алдына дәл осы қазір көріп отырғандай елестейді. Білекті сыбанып жіберіп, дереу кезекті шатақты бастап кеп жіберейін десе, қу дүние ішін тесіп барады. Талай қияметті көрген шапаны иығынан түсуге айналған.
Не керек, қалың жұрттың ортасында алшаң басқан қиқарың ас аяқталғанша әзер шыдапты. Мәз-мейрам болған жұрт ауыл-ауылдарына бет алса, мұның назары мүлде сынық. Ақсақалдар дастархан басында ұзақ мақамдап бата қайырғаннан кейін асқа жиылған тойшыл қауым да тарқай бастайды. Ал, “Шапан кигіземін” деп өзін иліктірген елші жігіттен әлі хабар жоқ. Шыдамы таусылған ол әлгі жігітті тауып алып:
– Уәде – Құдайдың бір аты деген. Мен берген сертімде тұрып, бүгінгі аста ешқандай дауға араласпадым. Сондықтан шатақ та шықпады. Маған беретін шапаның қайда? - дейтін көрінеді ерлік жасағандай екіленіп. Анау да әзір жауап сабаз екен:
– Үстіңдегі шапаның бүгін жыртылмай аман қалды емес пе? Егер осы жолы шатақ шығарғаныңда иығыңдағы тозған шапаннан түк те қалмайтын еді. Оның бүтін қалғаны сізге жаңа шапан жапқанмен бірдей. Осы олжаңа да риза бол, - дегенде, сырғытпа сөзге сеніп төбелестен құр қалғанын күйінген ол:
– Қап, әтеген-ай, мені бұлардың шапан беремін дегені құртты ғой. Көптен
төбелесті көксеп жүргенімде оны құр жіберіп алғанымды қарашы! - деп өкініштен санын соққан екен.

Р.АРЫСТАНБАЙ
28 наурыз 2018 ж. 799 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области