АҒАНЫ АҢСАУ
Биыл Жеңістің 73 жылдығын атап өтеміз. Осы орайда өмірі ағайын-туысқа, көпшілікке үлгі-өнеге болған атамыз Құдайбергеннің үлкен баласы Сейдахмет әкемнің ұлы майдангер Алтынбек аға туралы айтқым келеді.
Құдайбергеннен тараған Сейдахмет, Сейдалы, Асан, Әліқұл «Бірлестік» ауылында еншісі бөлінбей, бір-біріне жақын орналасқан қоржын тамдарда тұрған екен.
Сейдахметұлы Алтынбек аға соғыс басталысымен 1941 жылдың 23 маусымында майданға аттаныпты. Орысша білімі болғандықтан кіші командирлер дайындайтын курста әскери білім алып, бөлімше командирі ретінде Ресей, Беларусь, Украина жерлерін неміс басқыншыларынан азат етуге қатысады. Кенисберг, Пилау бекіністерін, Пултус уезіне қарасты Лиски қыстағын азат етуде бес жерден жарақат алып, майдан даласынан қайтарылуға бұйрық берілсе де жарақатын таңдырып, соғысты жалғастыра берген.
Көрсеткен ерлігі үшін ІІІ дәрежелі «Данқ», «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен, «Кенигсбергті алған үшін», әскери зауытты аман алып қалғаны үшін «Ерлігі үшін» медалімен және Жоғарғы бас қолбасшы И.Сталиннің «Алғыс хатымен» марапатталған.
Әскер қатарында 1941 жылдан 1946 жылға дейін болған Алтынбек аға «Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған, бірақ медаль табысталмаған. Бұл мәлімет Ресей федерациясының әскери мұражайынан 2017 жылы алынған.
Соғыстың аса ауыр кезеңінде жара¬қатынан емделгеннен кейін 1942 жылы желтоқсан айында елге демалысқа жібе¬рілгендігінің өзі ол кісінің ерлігінің нәтижесі деп білемін. Ағаның демалысқа келгенін бірінші менің көргенім әлі күнге есімде.
Соғыстан 1946 жылы оралған соң ол халық шаруашылығын қалпына кел¬тіру жұмыстарына белсене араласты. 1950 жылы Орал қаласында партия, совет қызметкерлерінің білімін жетілдіру курсында оқып келді. «Құмсуат», «Айдарлы», «Бірлестік» колхоздарында колхоз төрағасы, ауылдық кеңес төрағасы қызметтерін 1962 жылға дейін абыроймен атқарды.
Омырауы толған орден-медальдармен елге келген ағаның алдында, жан-жағында отырып – балалар, үлкен кісілер, әйелдер неше неміс өлтіргенін сұрайтынбыз. Аға соғыс туралы мүлде айтпайтын. «Адам өлтіру оңай емес. Германияның басқыншылық соғысы әділетсіз еді, басшылардың бұйрығын орындаған әскер қатарында болдық қой» дейтін.
Ағадан алған өнегеміздің бірі – ¬үл¬кенді, әке-шешені құрметтеу, әйел баласына деген сыйласу. Колхоз жұмысына ерте кететін аға, әуелі әке-шешесіне барып амандасып, хал-жағдайын сұрап, қандай тапсырмалары барын білетін. Бізге бір үйде тұрып, қолын алып амандасқаны ерсі көрінетін. Әке-шешесінің күтіміне ерекше назар аударып, қатты қадағалайтын еді.
Біз ержетіп, оқу үшін қалаға көштік. Әліқұл ағалар да балаларымен қоныс аударды. Бірлестік пен қаланың арасында көліктер өте сирек болғанмен, аға айына екі рет Әліқұл ағасының қолын алуға біздің үйдегі жеңгесінің амандығын білуге келетін. Аға өте мейірімді, жұмысқа талап қойғыш, әр істің көзін білетін, қиналған жанға қол ұшын беретін. Ағайынның ауызбіршілігіне қатты назар аударатын. Келеңсіз кикілжіңдерге бақылау жасап, оң шешімін шығаратын.
Асан аға соғыста қайтыс болып, алты, тоғыз жасар балалары Балғабай мен Қыдырбай ағаның қарамағында тәрбиеленіп, үйлендіріп бір-бір отау етті. Қазір Аманкүл, Әшен жеңгелеріміз «Батыр ана» иегерлері бәйтеректей жайқалып, немере мен шөберелердің қызығын көріп отыр. Белгібай аға, Алтынкүл апам, басқа ағайындардың да балаларының оқуына, азамат болуына көмектесті.
Алтынбек аға әскерден оралғаннан кейін жеңгеміз Жақсыгүлге үйленіп, Оразкүл есімді қарындасымыз дүниеге келді. Кейін Айдархан, Еділғазы, Әбілхан атты інілеріміз, Сәуле, Зәуре атты қарындастарымыз дүниежарыққа келді. Жеңгеміздің мінезі жұмсақ, мейірімді, еңбекқор, қатты сөзі жоқ кісі еді.
Ағамыз өткен ата-бабаларымыз туралы Сейдахмет әкемізден естіген-білгендерін әңгімелеп отыратын. Асыра сілтеудің кезінде аталарымыз кәмпескеге ілініп, бай-кулак болып қудаланғанын, бабаларымыздың елдің биі болғанын, әулетіміздің текті екендігін, «Дала комиссары» атанған халық -комиссары Әліби Жанкелдин Құдайберген атамның қарындасы Батсайдан туған жиен екенін білдік.
Алтынбек аға тұрған жерін көгал¬дандыру жұмысына көңіл аударатын, канал, арық қаздырып, бау-бақша егетін. Ауылдастарына көшет таратып, жасыл желекке орануына атсалысты. Ерінбей еңбек ететін.
Аға-жеңгемнің тағы бір қасиеті бала тәрбиесіне назар аударуы еді. Сабақ оқу, кітапқа құмар болуы, үй шаруасына көмегі, колхоз жұмысына араласуына дейін бақылайтын. Інілерін, балаларын, әйелдерді колхоз жұмысына араластырды. «Жұрт үлгіні біздің отбасымыздан алуы керек», - дейтін.
Аллаға шүкір, әулетіміздің ұл-қыздары жақсы отағасы, отанасы болып, олардан тараған ағаның немере-шөберелері өмірден өз орындарын тауып, өсіп-өніп, үлкен әулетке айналды.
Мырзалы ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,
Қызылорда қаласының
«Құрметті азаматы»,
тыл және еңбек ардагері