БАБАЛАР ЕРЛІГІ – ЕЛ ЖАДЫНДА
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында ұлттық болмысымызды мәңгілікке сақтау үшін бірінші кезекте ұлттық кодымыз: ұлттық тарихымыз, салт-дәстүріміз, дініміз, тіліміз, ділімізді қайта жаңғыртуға көшуіміз керек екенін айтып, жаңа міндеттерді айқындап берді.
Осы орайда ғұламалар: «Өткен тарихсыз болашақ жоқ. Тарих дегеніміз – өсіп тұрған өсімдіктің жерден нәр алатын тамыры секілді. Демек, адам санасы да тамыры тереңге тартқан тарихынан нәр алады. Адамдық қалпымыз -тәнімізді сақтау үшін ауа, су, тамақ қандай керек болса, адамгершілік қалпымыз, рухымыз, жан дүниемізді аялап, сана-сезімімізді асқақтата көтеретін рухани азығымыз – ата-бабаларымыздың өткен тарихын білу де сондай қажеттілік. Қазақстан жері аудан, облысқа бөлінгенімен, қазақ тарихы бір-бірімен тығыз байланысты, тұтас адамның денесі секілді бөлінбейді»- дейді.
Тәуелсіздігіміздің арқасында қазақ елінің тұтастығы мен егемендігі үшін күресіп, еліміздің тари¬хында өшпес із қалдырған ардақтыларымызға арнап жер-жерде ас беріліп, ерліктері мен есімдері ұлықтала бастады. Солардың бірі де бірегейі:
Анамның аты - Қарқара,
Нағашым – Сәрке батырды.
Сәрке батыр нағашым,
Жаулап өткен кәпірді, – деп жауға атойлап қарсы шапқан Барақ батыр Сатыбалдыұлы.
Барақ Сатыбалдыұлының (1743-1840)-270 жыл¬дығы мен Асау Барақұлының (1763-1866)-250 жылдығы 2013 жылы Бейнеу қала¬сында аталып өтті.
Жуырда Дәуіт Асауұлының 230 жылдығы Алматы қаласы, Қаскелең ауданында өткен асына Жалағаштан, Қызылордадан арнайы делегация қатысты.
Қаскелең ауданының мәдениет үйінде өткен Дәуіт батыр Асауұлының 230 жылдық мерейтойына арналған ғылыми-әдістемелік конференциясында еліміздің маңдайалды тарихшы ғалымдары, жазушылары болды. Ғасырлар қойнауында жатқан тарихтарымызды жария етті.
Дәуіт Асауұлы (1787-1874) – еліміздің тарихында өшпестей із қалдырған тарихи тұлға.1822-1835 ж.ж Ресейдің отарлау саясатына қарсы бағытталған Жоламан Тіленшіұлы бастаған ұлт азаттық күреске қатысса, 1855-1856 ж.ж Есет Көтібарұлымен бірге көтерілісті басқарды. 1869-1870 жылдары 80-нен асқан шағында Батыс Қазақстанда болған ірі көтерілістің Үстірт, Хиуа өңірлеріндегі көсемі болды. Ғалымдардың зерттеулеріне жүгінсек, Ресей мемлекетінің әскері 1483 жылы Орал тауынан асып өтіп, Ертіс, Ор өзендерін, Сібірді алғаннан кейін Ресей қазақ даласына тыныштық бермеген. I Петр 1722 Астраханға келгенде қазақ даласына көз сұғын қадап тұрып:- «Бұл дала Азияға, Үнді түбегіне өтудің қақпасы екен. Ол үшін қазақ ордалары Ресейдің қол астында болу керек», – деп кесіп айтқан.
Ресейдің қазақ даласын отарлау саясаты осыдан басталды. Содан 1 жылдан кейін 1723 жылы қазақты жоңғарлар шапқанда орыстар қазақтың ту сыртында жоңғарлармен ымыралас болып, оларға қару-жарақ беріп қолдап отырды. Қазақтардың Орта Азия хандықтарымен, Бұқар және Хиуамен, Башқұрттармен және Еділ қалмақтарымен өзара байланысы шиеленіскен күрделі қалыпта қала берді. Жайық және Сібір казактары да қарап қалған жоқ.
1716 жылы Тәуке хан қайтыс болғаннан кейін бұрынғыдай қазақ хандарын бір орталыққа бағындыру мақсаты жүзеге аспай қалды. Қазақ хандығы ауыр дағдарысқа ұшырап, елдің бірлігі бұзылды, бытыраңқылық етек алып өзара егес шегіне жетті. Бөлшектенген хандар мен сұлтандар жауға қарсы күш біріктіре алмады. Ұдайы шабуыл жасаған жоңғарлар жеңіске жетіп отырды. Қазақ хандарының өзара ауыз бірлігінің жоқтығы империялық Ресейге де өте тиімді болды. Еділ қалмақтары мен Башқұрттарды қазақтарға айдап салып, мәселені ушықтырып отырды. «Жабайыларды жабайылар қолымен талқандау» әдісіне машықтанған Ресей қазақтар мен башқұрттар арасына сызат түсіру үшін көп жылдар «жұмыс жасады». Мәселен, түн ішінде казактардын отрядтары башқұрт ауылын шауып, кісілерін өлтіріп, малын айдап кетеді де, жаланы қазақтарға жабады. Содан соң башқұрттарға көмектесіп, қазақ ауылдарын шабады.
I Александр 1822 жылы Орта жүзде, 1824 жылы кіші жүздегі хандық билікті жойып, қазақ елі дәстүрлі мемлектеттігінен айырылды. «Мемлекеттігі жоқ ел – жетім ел» – дегендей, енді елде үш буынды: округтік, болыстық, ауылдық старшындар әкімшілік жүйесі құрылды. Жат елдің әкімшілік жүйесінің халыққа қамқорлығы, пайдасы туралы зерттеу жүргізген неміс ғалымы Шварцтың: «Округ басшылары, неғұрлым тиімді де пайдалы болыс лауазымын параны кім көп берсе, соған сатудан тартынбайды», – деп жазып кеткендері архивтерде сақтаулы.
Абай атамыз:
Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,
Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.
Жақсы менен жаманды айырмадың,
Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың.
Ұқпайсың өз сөзіңнен басқа сөзді,
Аузымен орақ орған өңкей қыртың...
Бас-басына би болған өңкей қиқым,
Мінекей, бұзған жоқ па елдің сиқын?!
Өздеріңді түзелер дей алмаймын,
Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың - деп күңіренді.
Міне, осындай қысылтаяң заманда, техникасы, экономикасы дамыған қуатты мемлекеттің отарлау саясатының артиллериясына бар қаруы қылышпен, найзамен, өлетінін біле тұрып «елім, жерім» деп тәуелсіздік үшін қарсы ұмтылған батыр бабаларымыздың жүректілігіне қалай тәнті болмасқа?!
Өздері армандарына жете алмай кеткенімен де, ұрпақтарына Алтайдан Атырауға дейінгі ұшқан құстың қанаты талатын, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан ғайыр алқапты аманатқа тастап кетті.
Ғылыми конференцияда ғұлама ғалымдардың айтқандарын газеттің бір мақаласына сыйғызу мүмкін еместігі белгілі.
Дәуіт батырдың нағашылары атынан ақсақалымыз Қазақстан Журналистер одағының құрметті мүшесі, екі ауданның құрметті азаматы 80 жастан асқан Ахат Жанаев ағамыз, Жалағаш ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауданның құрметті азаматы Садық Алиев құттықтау сөз сөйлеп, Сәрке батыр бабамыздың портретін «Лабақ» қо¬ғамдық қорының президенті Адайбек Аблаевқа табыс етті. Конференция соңынан жиналған қонақ¬тарға ас беріліп, Дәуіт батыр бабамызға құран бағышталды. Құрметті қонақтарға арнайы бекітілген үйлерде қонақасы берілді. Ертеңіне айналдыра жүздеген әсем ақшаңқан үйлер тігіліп, алтыбақандар тұрғызылған, арнайы жаздық ойын-жиын өткізетін сахна орнатылған Дәуіт батыр бабамызға арнайы жасалған билбордтар әртүрлі жалаушалар ілініп әсемделген «Ақсай» ипподромында бабамыздың тойы жалғасты. Жазғы сахнада құттықтау, арнау сөздер, әндер, термелер айтылып, бишілер мың бұралып сызылта билеп жатты. Ақшаңқан үйлерде ас беріліп, батыр баба рухына құран бағышталды. Құрметті қонақтарға шапан жабылып, мерейтойға арнайы шығарылған кітаптар, төсбелгілер таратылды. Жасыл желекке бөленген ипподромда ат бәйгесі, түрлі спорттық сайыстар өтті. Алматының жер табиғаты да тамаша екені көпке мәлім. Ауа райы да ашық жарық болып, жиналған халықтың да жүздерінде жадыраған күндей күлімдеген қуанышты көрдік. Халқымыздың жүзінен қуаныш кетпесін. Бірлігіміз, тәуелсіздігіміз ұзағынан болғай!
Жоламан АЛДАНАЗАРОВ,
Жалағаш ауданы