АРАЛДА ӘЛЕУМЕТТІК САЛА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ҚҰРМЕТКЕ БӨЛЕНДІ
Арал қаласындағы аудандық мәдениет үйінде әлеуметтік сала қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай «Жаныңда жүр жақсы адам» атты салтанатты шара өтті. Айта кетейік, бұл мереке 2011 жылғы Елбасының жарлығымен бекітілген болатын. Содан бері елімізде қазанның соңғы жексенбісі көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсетіп жүрген әлеуметтік сала мамандарының төл мерекесі ретінде тойланып келеді.
Мерекелік басқосуда осы салада еңбек етіп жүрген бірқатар қызметкерлердің еселі еңбектері еленіп, Қызылорда облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқарамасы басшысының және аудан әкімінің алғыс хаттармен марапатталды.
Мерекелік шараға жиналғандарды кәсіби мерекелерімен аудан әкімінің орынбасары Мерей Мейірбеков құттықтап, ақжарма тілегін жолдады. Сондай-ақ, осы салаға өлшеусіз өз үлестерін қосқан ардагерлерге аудан әкімінің құттықтауын табыстады.
Салтанатты кеш мерекелік концертке ұласты.