Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » КӨСЕМ ОЙДЫ КҮМБЕЗДЕГЕН

КӨСЕМ ОЙДЫ КҮМБЕЗДЕГЕН


Кеңес кезеңіне дейінгі дарабоз дарындарды айтпағанның өзінде, ХХ ғасырдың әр кезеңдерінде қолынан домбырасын түсірмеген Жамбыл, Шашубай, Нартай, Кенен, Саяділ, Үмбетәлі, Нұрлыбек, Шәкір, Әсімхан, Көкен, Көшеней, Насиха, Сара, Шолпан, Надежда сынды ақиықтармен бірге ұлттық құндылығымыздың қайнар бұлағындай болған айтыс өнерінің жұлдызын жарқыратқан жандардың бірі – Сырдың ақтаңдақ ақыны Манап Көкенов болатын. Ол елімізді әлемге танытқан дүлдүл сөздің шебері, төкпе ақындығымен қоса, сан түрлі талантымен халықты тәнті еткен өнер тарланы.
Ол 1928 жылы 20 мамырда Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Бесарық ауылында дүниеге келген. Көнекөз қариялардың естелік әңгімелерінен мәлім болғандай, ақын өмірге келген кезде қызық жәйттер болған деседі. Дәрігердердің аузынан «адам болуы неғайбыл» деген сөзді естігеннен соң туыстары жаңа туылған нәрестеден күдерін үзе бастаған. Сол кезде әулие Бәймен ата кезігіп, баланы өзінің жадағайына ораған екен. Міне, осы сәттен бастап әулие кісінің шапағаты тиген болар, өрімдей бала ерекше қасиетімен көзге түседі. Оның ақындығы, құймақұлақтығы әкесі Көкен атадан дарыған деген әңгіме ел аузында жиі айтылады. Ол айтыс додасына небары 13 жасында қатысып, алғаш рет филология ғылымының докторы Әбжан Құрышжановпен сайысқа түсіпті. Екеуінің айтысы тартысты өткен. Жұрт делебесі қосып, ризашылық білдіріп жатса, нар тұлғалы Нартай атамыз екі айтыскерді жанына шақырып алып:
Дарияның ағып жатқан тұнығысың,
Тұнықтың бойында өскен шыбығысың.
Тең түстің Манап, Әбжан қарақтарым,
Халықтың ел билейтін құлынысың, – деп, екеуіне ақ батасын беріп, маңдайларынан сүйіп, ақындық жолына сәт сапар тілеген екен.
Манап ақын семсер сөздің зергері Асқар Тоғмағамбетовпен де сөз бәйгесіне түскен. Бұл айтыстың мазмұнына зер салсақ арналы ақының жер тарихын өте жетік білгенін байқаймыз. Байқаймыз да, кемел жанның дүниетанымының кеңдігін, елін, жерін сүюі шексіз болғандығын еріксіз мойындаймыз:
Асқар:
Ақын ең Қаратауда туып өскен,
Сағымын арман етіп қуып өскен.
Қиялдың көк дауылын қамшы қылып,
Бұрқанып төбесінде бұлт көшкен.
Ақын ең жас та болсаң көрген көпті,
Тауың бар « Қарны жарық», « Ботасоқты».
Отырмын соның жайын сұрағалы
Қалай сол ел аузында аңыз бопты?
Манап:
Бұл таудың аңызы да, жыры да көп,
Тылсымды терең жатқан сыры да көп.
Барлығын баяндасақ бастан-аяқ,
Таусылмас шығар шыңы, құзы да көп.
Жолбарыс таудың ішін еткен мекен,
Бір нардың ботасын мерт еткен екен.
«Ботасоқты» деп елде аңыз қалып,
Аталып бұл тау сонан кеткен екен.
Жаралы бота қашып, арып –ашып,
Жығылғанда тас тілген қарнын жарып.
Жазықсыз жас ботаны есіркеп ел,
Содан бастап атанған «Қарны жарық».

Оның ойы орамды, шашасына шаң жұқтырмайтын төкпе ақын болғандығын дәлелдейтін айтыстың бірі – 1969 жылы Мәскеуден келген Виктор Уринмен болған сөз додасы. Ол кісі Қызылордаға Асқар Тоқмағамбетов атаның «Алтын той» атты кітабын орыс тіліне аударғалы келген екен. Екеуі аяқ астынан қазақша-орысша айтысқа түсіп, ақын көсем сөздің көмбесін ақтарғанда, Урин сөзден тосылып қалады. Осы айтыста сөз маржанын тереңнен термелеген тұғырлы ақын оны жеңіп, Урин мырза ризашылықпен жеңімпаздың қолын алып, Алатаудай ақынға басын иген екен.
Осындай сөз додасының көркін қыздырып жүрген кезде ақын жан-жақтылығымен ерекшеленген. Ол газет тілшісі, мәдени және тарихи ескерткіштерді зерттеуші, халық мұрасын қастерлеп, жинақтаушы да болған. Ертеректе өмір сүрген жергілікті ақын Құлан Алдабергенұлының 3 мың өлеңін жинап, Қазақ Ғылым академиясының алтын қорына тапсырыпты. Сонымен қатар, жергілікті күйші- сазгер Әлшекей Бектібайұлының 14 күйін зерттеп тауып, 10 күйінің күйтабаққа түсіріліп, таралуына өз үлесін қосқан екен.
Міне, осындай қыруар еңбегінің арқасында оны бүкіл ел, кейіннен Одақ таныған. Осылайша, Манап Көкенов 1980 жылы небары 52 жасында «Халық ақыны» деген атаққа ие болыпты.
Айта берсек, ақиық ақынның өнер өлкесіндегі шұғылалы сәттері мол. Мәрмәр ойдың мәйегін тамызған дәмді шумақтарымен ол шаршы топта талай жүйріктердің табанын тайдырған. Тамаша талант иесінің мірдің оғындай нысанаға дөп тиетін орамды ой-толғаулары күні бүгінге дейін ел аузында жатталып, тарих тереңінде қатталып қалған. Сара сөздің сардарына деген халықтың өлшеусіз құрметі оның өлеңдерінің өміршеңдігінде, қоржынындағы сұңғыла ойдың ұшқырлығында болса керек.

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА.
09 шілде 2018 ж. 884 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области