Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » БІЛІМ САЛАСЫНЫҢ МАЙТАЛМАНЫ

БІЛІМ САЛАСЫНЫҢ МАЙТАЛМАНЫ


Мемлекет басшысы рухани жаңғыру бағдарламалық мақаласында қоғамның рухани жаңғыруына халықтың дәстүрі мен ұлттық мәдениеті негіз болуы тиіс екенін атап көрсеткені мәлім. Мұндай бағытты ұстану кешегі күн мен бүгінді, бүгін мен ертеңді жалғастырады.
Осы орайда Жалағаш ауданы, Жаңадария ауылында тағылымды шара өтті. Оны Қызылорда облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы мен Жалағаш аудандық Қ.Қазантаев атындағы Мәдениет үйі мамандары ұйымдастырды. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында өткен облыстық жас әншілер байқауы «Қалдырған ізің мәңгілік» деген тақырыппен өтті.
Жас таланттардың басын қосқан ән байқауы Қазақ ССР білім беру ісінің үздігі, ардақты ұстаз Қасым Өтегенұлының 70 жылдығына орай ұйымдастырылды.
Байқауға облыс көлемінде 18-25 жас аралығындағы өнерпаздар қатысып, екі кезең бойынша бақ сынады. Байқаудың талабы мен шартына орай жас әншілер алғашқы кезеңде патриоттық тақырыптағы әндерді шырқаса, екінші кезеңде еркін тақырыпта өнер көрсетті. Оған облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының бөлім меңгерушісі Бағдагүл Есмұрзаева, әнші-сазгер Баубек Ахметов пен Талап Тотаев қазылық етті.
Жаңадария ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Ғалым Жаңашев, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сапабек Тұрмаханов сөз алып, Қазақ ССР білім беру ісінің үздігі Қ.Өтегенұлының өнегелі өмір жолынан сыр шертіп, үміткерлерге сәттілік тіледі.
Өнер додасында бақ сынаған жас өнерпаздар алғашқы кезеңде туған жеріне, еліне және Астана қаласының 20 жылдығына арнаған ән шашуларын тарту етті. Ал келесі кезеңде халық әндерін, ағылшын тіліндегі туындыларды шырқады. Шарада қатысушылардың барлығы жоғары дайындықпен өнер көрсетіп, көрерменнің қошеметіне бөленді.
Әділқазылар алқасының шешімімен бас жүлдені қызылордалық Аякөз Аралбайқызы иеленді. Жүлделі І орынды аралдық Дәулеткерей Қуантқанов алды. Келесі орын Жаңадария ауылының өнерпазы Нұрболат Шалабай, Далдабай ауылынан Орнықхан Пазылға бұйырды. Ал жүлделі ІІІ орынды қызылордалық Салтанат Әбдіқали, жаңақорғандық Мадина Ералиева, Аққұм ауылынан Арайлым Қуаныш иеленді. Жеңімпаздарға Өтегеновтер әулетінің арнайы дипломдары мен бағалы сыйлықтары табысталды.
– Өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сезімді қалыптастырып, отансүйгіштікке, туған жерді қадір тұтып, құрметтеуге үндейтін бұл байқаудың орны ерекше. Жерлесіміз, ардақты ұстаз Қасым Өтегенұлының ұстаздық жолы бүгінгі жастарға үлгі-өнеге. Ол кісінің есімін, еңбегін қайта жаңғыртып, жас буынға насихаттауды мақсат тұттық. Осы ретте, ұстаздың 70 жылдығына орай Өтегеновтер әулетінің мұрындық болуымен ел ішіне танылмай жүрген жас таланттардың басын қосып, ән байқауын ұйымдастырдық.
Қуантарлығы, Елбасы рухани жаңғыру мақаласын негізге алған ардақты ұстазды еске алуға арналған облыстық жас әншілер байқауы Жаңадария ауылында бірінші рет ұйымдастырылып отыр, – деді Жаңадария ауылдық клубының директоры Рүстем Көшеров.
Білім жолы – қиын да қасиетті жол. Бұл жолда тынымсыз еңбек, толассыз ізденістен жалықпайтын жандар ғана нәтижелі табыстарға жете алады. Ұстаздың алдынан өтпейтін жан жоқ. Ол берген тәрбие болашаққа жол сілтер шамшырақ секілді. Бала жастан білім нәрімен қалай сусындасаң, келешекке сол жиғаныңмен қадам басасың. Осы қастерлі мамандықтың қадірін біліп, шәкірттерінің бойына бар асыл қасиеттерді ұялатып, өн бойына ұстазға тән салмақтылық пен білімпаздықты жия білген білікті маман, Қазақ ССР білім беру ісінің үздігі, ардақты ұстаз – Қасым Өтегенов.
Қазақ ССР білім беру ісінің үздігі Қ.Өтегенұлы адалдығымен, еңбекқорлығымен және өз мамандығына деген жауапкершілігімен абырой биігінен көрінген азамат. Білім саласында жүріп, 1984 жылы ауылдық кеңестің депутаты болып сайланған. 1999 жылы жоғары дәрежелі «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» деген атаққа ие болған. Мамандығына деген сүйіспеншілігінің арқасында ол өмірінің соңына дейін мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды.
Ардақты ұстаз жұбайы Қалдыгүл Ильясова екеуі 7 бала тәрбиелеп өсірді. Ұл-қыздарын оқытып, үлкен өмірге қанаттандырды. Жалағаш ауданының білім саласының биік белестерден көрінуі үшін аянбай еңбек еткен ардақты ұстаз есімін қалың жұрт құрметпен еске сақтайды.

Н.АЛМАСҚЫЗЫ,
Жалағаш ауданы
19 шілде 2018 ж. 591 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области