ӨРЕЛІ ӨНЕРДІҢ ӨРНЕКТІ ӨРЕНІ
Ұлан-ғайыр аумақты алып жатқан атырабымыз жайлы кезінде Григорий Потанин «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай болып көрінеді» деп айтқан еді. Оның ішінде ғасыр басында бір ауылынан ғана жүзден аса жырау шыққан Сыр өңірінің орны ерекше.
Дала ойшылы атанған Нұртуған жырауға 40 мың жол өлең жаздырып, қасиет қонған небір дүлдүлдер мен бұлбұлдарға өнер тәжін кигізген киелі мекеннің атағы кезінде шайырлармен шартарапты шарлап кетті.
Бірде өнер зерттеушісі Мардан Байділдаев ағамыз қасындағы академик, ғалымдармен бірге Қармақшыдағы Тұрмағамбет (бұрынғы Ленин атындағы кеңшар) аулына ат басын бұрған екен. Сонда Мардан ағамыз жолдастарына:
– Бұл ауылдан жүз шайыр шыққан. Жаныңнан өтіп бара жатқан қай баланы тоқтатып, терме айт десең де айтып береді, - деген екен.
Әлгі кісілер жандарынан өтіп бара жатқан 5-6 жастағы баланы тоқтатып:
– Терме айт, - дейді. Әлгі бала бұтының арасына қысып алған ағаш атын дереу домбыра қылып сартылдатып терме айтып береді. Әлгілер разы болып, басын шайқаған екен.
Бүгінгі біздің әңгімеміздің арқауы сол шайырлық өнерді насихаттап, Елбасымен кездесіп, ол кісінің алдында 4 мәрте ән салған, дәстүрлі әндерді дәріптеп, жыр-дастандарды халық санасында жаңғыртып, жастарға өсиет-өнеге көрсетіп жүрген жас термеші Зүльфия Баймырзаева жайлы болмақ.
Тал бесікте әнмен тербелген
Балауса қыздың ән әлеміне алғашқы қадамы 1-сыныпта басталған. Ал бесікте жатып әсем әнмен тербеліп, сұлу сазбен сыланған сәби Зүльфияның анасы Айқын мен әкесі Ғабит қазақтың халық әндерін әуелете шырқайтын. Бертін келе әнге елтігені сонша кішкентай бөбек олармен қосылып, бесікте уілдеп, рахат күй кешетін болған. Өнерпаз қыз 1990 жылдың 2 тамызында Сырдария ауданы, Шіркейлі ауылында дүниеге келді. Жыршылық өнерге оны алғаш баулыған ұстазы – белгілі жыршы Майра Сәрсенбаева. Қанатын қаққан жас талантқа мектеп қабырғасында жүріп-ақ қолдау көрсеткен жанашырлар көп болған. Әсіресе, әдебиеттен сабақ берген Күміс Қожарипова жас шәкіртінің бойына қазақтың халық ауыз әдебиеті мен жыршы-жырауларының шығармаларын терең сіңірді.
Жанарынан ұшқын шашып, ән дегенде делебесі қозып, шабыты шалықтап тұратын Зүльфияны ұстаз жүрегі ә дегеннен таныған секілді. Мектеп басшысы Жанболат Назаров, ауылдық мәдениет үйінің директоры Нұржамал Жүзбаевалар қаршадай қыздың талантына қайран қалған-ды.
Мектеп қабырғасында жүріп-ақ, Елбасының алдында "Аралым – айдын шалқарым" термесін төгілте айтып, ол кісінің батасын алған. "Президентіміз қазақтың өнері десе, ішкен асын жерге қоятын керемет жан екенін аңғардым. Шынашақтай мен секілді қыздың өнеріне үлкен жүрекпен қол соғып, сүйсіне қарап, басымнан сипағанда сондай құрметін сезіндім. Өн бойым терең толқыныстан шымырлап кетті. Менің әнім Елбасының жүрегіне жеткенде өзімді ерекше бақытты сезіндім. Үлкен кісінің ақ батасы, риясыз ақ пейілі мені биіктерге қанаттандыра берді" дейді ағынан жарылған Зүльфия.
Қанмен келген қасиет
Атырау қаласында 2006 жылы өткен Шернияз Жарылғасұлының 200 жылдығына арналған республикалық жыршы-термешілер сайысында ол жүлделі 3-орынды, 2007 жылы Орал қаласында өткен Қаламқас Орашеваның 55 жылдық мерейтойына арналған жыр додасында 2-орын, осы жылы Маңғыстауда өткен халықаралық әнші-жыршылар байқауында жүлделі 1-орынды иемденіп, Сыр өңірінің мерейін асқақтты.
Киелі жыр сахнасына шығару үшін өзін сәйгүліктей баптаған Майра Сәрсенбаеваға оның алғысы шексіз. Қазыналы жырдан шашу шашып, Сыр өңірінің мәртебесін көтеріп жүрген ұстаз шәкіртіне "Қыз Жібек", "Алпамыс батыр", "Қобыланды батыр" және өзге де жыр жауһарларын жаттауға кеңес берген. Кеңес беріп қана қоймай, сазы мен мақамына, домбыра қағысына дейін ерінбей-жалықпай үйреткен. Оның айтуынша, қасиетті өнер нағашы жұртынан дарыған. Жас өнерпаздың шаңырағынан қазақтың қара домбырасымен шырқалған ән үзілмеген.
Әкесі – Ғабит Баймұрзаевтың мамандығы мал дәрігері, соған қарамастан Сүйімбай, Жамбыл жырларын орындаса, анасы Айқын Жансымақова дәрігер болғанмен, халық әндерін өміріне азық еткен. Көпшілік жиылған той-думандарда жұрт қолқаласа орындайтын ән қоржындарында қазыналы әндер жетерлік.
Мінекей, осылайша, мектеп бітірген соң тайқазаны жырмен тасыған сұлу Сырдың толқыны жырына саз берген, шаңырағында шаттық ұялаған өрімдей қызды асқақ арманы Алматы төріне жетелей берді. Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясы халық ән бөліміне оқуға қабылданады. Екі жылдық дайындық бөлімінде оған дәстүрлі әнші Айгүл Қосанова батыс ән мектебінен дәріс берді.
Негізгі, Сыр бойы жыраулық мектебінің тәлімін белгілі жыршы, филология ғылымдарының кандидаты, жерлесіміз Ұлжан Байбосыновадан алған. Қазақ өнерінің саңлақтарын баулыған білім ордасында Зүльфия есімі елге танылған Ардақ Исатаева, Сәуле Жанпейісова, Еркін Шүкіманов, Тілеулес Құрманғалиев, Рымкеш Жұмаділова сынды өнер қайраткерлерінен сабақ алып, сахна шеберлігіне шыңдалып, тынысы ашылып, өрісі кеңейе түсті.
Білім ала жүріп түрлі өнер сайыстарында бақ сынайды. 2011 жылы Атырау қаласында өткен республикалық "Дельфийлік ойындар" байқауында бірінші, 2013 жылы Қызылорда облысында өткен Тұрмағамбет Ізтілеуов атындағы байқауда екінші, сол жылы Алматы қаласында өткен "Күміс көмей, жезтаңдай" байқауында екінші орын алып, өзінің өнер додасындағы табысын еселей түседі. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына орай Стамбул қаласында болған жарыста да терме орындап, шетелдіктерді таңдай қақтырған.
Рухани толысқан сәт
2014 жылы консерваторияны тәмамдаған соң араға бір жыл салып Астана қаласындағы мемлекеттік академиялық филармониясына жыршылық қызметке орналасты. Еліміздің жұлдыздарымен бірге ән шырқады, олармен бір шаңырақ астында еңбек етті. Жас болса да, үлкен сахналарға шығып, өнерде қанаты қатайып, ысылып, өмір мектебінен өтті. Біздің сыр өңірінде өткен "Өздерің білер Нартаймын" атты байқауда екінші орынға табан тіреді. Туған жердің сый-сияпатын еншілеп, Астанаға қайта оралды.
2016 жылы "Ұлы дала даусы" халықаралық радиофестивалінде жыраулық өнердің өміршеңдігін паш етіп, бас жүлдемен оралып, ұлы даланың рухты жырларымен Елордамызға шашу шашты. 2016 жылы Мәскеудегі Астана күндерінде Кремль сахнасында өзінің ұстазы, белгілі жырау Айгүл Қосановамен батыстық үлгідегі жыр-термелерін орындап, жұлдызды жұп құрды.
Қоржынында – 300 ән
Міне, сандуғаштай сайрап, аталардан қалған аманатты жыр-термелерді жаттап, түрлі мақам мен сазда орындап, руханияттың алтын тұмасынан жыр-жақұтты маржандай тізіп, құлақ құрышын қандырып жүрген Зүльфияның өнер өлкесіндегі өрнегі жүрегі қазақ деп соғатын кез-келген жанды тәнті етеді. Ол биыл туған жерге қайтып оралды. Бүгінде облыстық филармонияның жыр бөлімінде жұмыс жасайды. Оның репертуарында Сыр бойы, Арқа, Жетісу, Батыс, Тарбағатай өңірі жырларымен қосқанда 300-ге тарта ән-жыр бар. Бос уақытында жыр, терме жаттап, тариxи дастандарды оқығанды ұнатады.
– Мақсатым дәстүрлі өнердің шыңына жету және көптеген шәкірт тәрбиелеу. Дәстүрлі ән жыр өнерінің майталмандары өзімнің ұстаздарым Майра Сәрсенбаева, Айгүл Қосанова, Ұлжан Байбосыноваға еліктеймін. Өмірлік ұстанымым ата-анамның, ұстаздарымның салып берген сара жолымен жүру. Ол – адалдық жолы. Өзімді он жылдан кейін, Алла жазса, ұстаздарым секілді елімнің сүйікті әнші, жыршысы және аяулы ұстаз ретінде көремін! – дейді ол.
Жас әнші жуырда "Қазақстан" ұлттық арнасы ұйымдастырған "Мен қазақпын" халықаралық жобасына Сыр елінің атынан жолдама алып барғалы отырғанын да жеткізді. Олай болса, біз жас әншіге дүбірлі бәйгеде табыс тілейміз. Рухани жаңғырып жатқан өнерімізге өзінің өлшеусіз үлесін қосып, Сыр елінің мәртебесін көтеретініне бек сенеміз.
Гауһар АСҚАРҚЫЗЫ,
Қызылорда қаласы