Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ҚОБЫЗШЫ ТОҚТАР

ҚОБЫЗШЫ ТОҚТАР


    Қобызда ерекше тылсым сыр бар. Адамды тұңғиыққа тартады, жүректі қозғайды. Оның үстіне Қорқыттың күй сарынын орындаған негізгі аспабы – қара қобызы екенін ескерсек, халқымыз үшін ол шын мәнінде қасиетті. Бір кездері қобызға деген түсініспеушілік салдарынан аспап заман көшіне ілесе алмай, ескіліктің қалдығы саналып, жоғалып кетудің алдында қалған болатын. Бүгінде ол қайта жанданды. Қобызды серік етушілер көбейді. Тоқтар Ағыраев – солардың қатарынан. Қоңыр үннен шабыт алып, оның тарихи мән-маңызын ішкі жан дүниесімен сезіне білетін өнерпаз – облыстық филармонияның “Ақмешіт” фольклорлық ансамблінде қылқобызшы. Қанжығасын республикалық деңгейдегі байқаулардың жүлдесімен толықтырған Тоқтармен әңгіме скрипканың атасы саналатын қастерлі аспап – қобыздың киесі жайында өрбіді.
    Кие қонған әулетте дүниеге келген баланың өнерпаз болмауы мүмкін емес. Кейіпкермен тілдесу барысында әкесі Ермекбай Ағыраевтың өнерден қаражаяу еместігін білдік. Тоқтар бала кезінен шертпе күйдің шебері атанған Сүгір мен Төлеген Момбековтің күйімен тербеліпті. Мектепте жүргенде қатарластарынан озық шығып, өнер сайыстарында бағын сынаған. Есейе келе тарихы бай, көненің көзі саналатын аспапта ойнауға қызығушылығы оянған. Соның ішінде қыл қобызға тоқталыпты. Қазанғап атындағы музыка колледжінде, Қазақ Ұлттық музыка академиясының колледжінде оқып, өнер майталманы Әлқуат Қазақбаевтан дәріс алған.
    – Қазақтың рухын алға жетелейтін қобыз аспабына кеңес өкіметі кезінде бақсының дүниесі деп, оны өртеткен кездер де болған. Соның салдарынан бүгінгі күнге жеткен қобыздың тұрпы да, үні де өзгеше. Сонымен қатар қастерлі аспап түркілер дәуірінде пайда болып, түркі әлемі оны Көк Тәңірімен байланыстырған. Оңай меңгеріле салатын өнер емес екенін білсем де, оны халыққа жеткізе алатыныма іштей сендім.
    Уақыт өте қасиеті бөлек аспаптың кө­ мегімен шығарманың тереңіне бойлауды, образға енуді үйрендім. Қазір репертуарымда бірнеше күй бар. Көбіне Қорқыттың, Ықыластың, Мөңке бидің күйлерін орындаймын. Сондай-ақ, бесті айғырдың құйрығынан тартылған қыл ішектері бар аспаптың нәзік үні лирикаға жақын, – дейді ол.
    Тоқтар жанды жаулап, рухани азық беретін аспаптың құдіретіне қарап, өзге ұлттар халқымыздың ұлылығына талай мәрте көз жеткізгеніне де тоқталды. Расында, шетелдіктер санғасырлық сұрыптаудан өткен ұлттық күй мен әндерде музыкалық терапия кездесетінін әлдеқашан мойындаған.
    Онда адамды емдеп-сауықтыратын, тамаша көңіл-күй сыйлайтын қасиеттің бары бұрыннан айтылып жүр.
    Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.

09 қараша 2017 ж. 1 082 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области