РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЖАС АҚЫНДАР АЙТЫСЫ
Облыс орталығы Қызылорда қаласындағы А.Тоқмағамбетов атындағы Мәдениет үйінде «Ұлттың айбыны – рух байлығы» атты республикалық жас ақындар айтысы өтуде.
«Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясындағы өнер додасын «Сыр елі және ХХІ ғасыр» қоғамдық қоры ұйымдастырып отыр. Оған «Рухани жаңғыру» орталығы мен облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы қолдау білдірді.
Шараның мақсаты – жастардың бәсекелік қабілетін арттыру, ұлттық бірегейлікті сақтай отырып, өскелең ұрпақты ұлттық өнерге баулу.
Сананың ашықтығын қалыптастыруға бағытталып ұйымдастырылған бұл айтыс өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеп, олардың таным-талғамын ұлт руханиятына бағыттайды, қазақтың төл өнері, құдыретті сөзі арқылы мемлекеттік тілдің мерейін арттырады.
Азаттықтың ақ таңы атқалы айтыс өнері ұлттық мәдениетіміздің баға жетпес асыл мұрасы ретінде кеңінен насихатталып келеді. Осы орайда киелі өнердің дамуына мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетіліп отырғанын айта кеткеніміз жөн.
Жас ақындар айтысына ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, республикалық «Ана тілі» ұлт газетінің бас редакторы, ақын Жанарбек Әшімжанов әділ қазылар алқасына төрелік жасауда. Айтысқа еліміздің барлық өңірлерінен жас ақындар келіп, өнер додасының көрігін қыздыруда.
Айта кетейік, жеңімпаздар облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының бағалы сыйлықтарымен, сондай-ақ «Рухани жаңғыру» орталығының дипломдарымен, алғыс хаттарымен марапатталады.