ЖЕРГІЛІКТІ САЗГЕР, ДИРИЖЕР ЖҰМА ДАНИЛОВТЫҢ АТЫНДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ ӘН БАЙҚАУЫ ӨТТІ
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында ұлағатты ұстаз, жергілікті сазгер, дирижёр Жұма Данилов атындағы «Сағыныш» атты облыстық ән байқауы өткізілді. Байқауға Қызылорда қаласынан және аудандардан 8 өнерпаз қатысты.
Байқаудың алғысөзін аудан әкімінің орынбасары Жағыпар Тажмаханов ашты.
- Жалағаш топырағы қашан да өзінің талантты ұлдарымен, елге танымал азаматтарымен мақтанады. Осындай айтулы тұлғалардың бел ортасында болған аудан тарихында өзіндік үлесі бар, білім мен мәдениет саласының көрнекті өкілі, өнерімен ел құрметіне бөленген біртуар тұлға, парасаты мол азамат Жұма Данилов ағамыздың аты ұрпақтарының жадында мәңгілік қалады деп есептеймін, - дей келе, байқауға қатысушыларға сәттілік тіледі.
Шара аясында сазгер, ұстаз, музыкант Жұма Даниловтың өмір жолынан сыр шертетін "Сағымға айналған сағыныш" кітабының тұсауы кесілді.
Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Жалағаш ауданының «Құрметті азаматы», жыршы-термеші, қазылар алқасының төрағасы Жұмабек Аққұлов, сазгердің жұбайы Асылтас Қайырденова, облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының бөлім меңгерушісі Әлия Иманалиева байқауға төрелік жасады.
Байқау нәтижесінде қызылордалық Жарасхан Төлебай бас жүлдені иеленді. Ал, аралдық Сабыржан Көлбаев І орынды иеленсе, жүлделі ІІ орынды сырдариялық Нұрбол Тұранов иеленді. Жалағаштық Қуаныш Арайлым мен сырдариялық Ботагөз Болатбек ІІІ орынды өзара бөлісті. Жеңімпаздар мен барлық қатысушылар арнайы дипломдарға, бағалы сыйлықтарға ие болды.