Халық «Тамашаның» тарланын еске алды
Kyzylorda-news.kz. Қазақстанның халық әртісі, белгілі актер Құдайберген Сұлтанбаевтың есімін ұлықтау, шығармашылық жолын өскелең ұрпаққа насихаттау мақсатында өткен «Күлкі думан» атты әзіл-сықақ отауларының облыстық байқауы өз мәресіне жетті.
Байқау екі кезең бойынша өткізілді. Бірінші кезең бойынша қатысушылар интермедияларында қазіргі таңдағы өзекті мәселелерді сахналап, әзіл түрінде көрсетсе, екінші кезеңде пародия, монолог сынды түрлі жанрда өнерлерін ортаға салды.
Байқау қорытындысы бойынша Арал аудандық мәдениет үйі жанындағы «Тамаша» халықтық әзіл-сықақ отауы бас жүлдені жеңіп алды. Ал, қазылар алқасының шешімімен Қармақшы ауданы Ақай ауылының «Достар-ай» әзіл-сықақ отауы І орынды, Шиелі ауданынан «Қытық» халықтық әзіл-сықақ отауы ІІ орынды иеленсе, Арал ауданы Аманөткел ауылының «Алдаспан» халықтық әзіл-сықақ отауы мен Жаңақорған ауданынан «Күлеміз бе, қайтеміз» әзіл-сықақ отауы және Қармақшы ауданынан «Сүйінші» әзіл-сықақ отауы ІІІ орыннан көрінді.
Мұнан өзге, байқауда өнер көрсеткен Жаңақорған ауданынан «Жаңаша» халықтық әзіл-сықақ отауы, Арал ауданы Қызылжар ауылының «Мысқыл» және Жалағаш ауданының «Әзілизация» әзіл-сықақ отаулары «Алғыс хатпен» марапатталды.