«Қайсар» Қазақстан кубогы финалына шықты
Kyzylorda-news.kz. Араға 12 жыл салып жартылай финалға жолдама алған сүйікті клубымыз бүгін "Тобылмен" ақтық сынның жолдамасын сарапқа салды.
Алғашқы матчта 1-0 есебімен есе жіберген Стойчо шәкірттері үшін қарымта кездесудің жауапкершілігі жоғары еді. Артем Кучинның ысқырығынан кейін Қызылордадағы футбол тойы басталды. Финал екі команда үшін де ауадай қажет еді. Сондықтан кос клуб та бірінші нөмірмен алма-кезек шабуылдар ұйымдастырды. Кездесудің 16 минутында қостанайлық ұжым ойын тәртібін бұзды. 30 метр қашықтықтағы айып соққысын Тигран Барсегян сәтті орындап, Балаевтың бағын тайдырды. Есеп 1-0!
Ойынның бірінші жартысында алаң иелерінің есепті еселейтін бірнеше мүмкіндігі болған. Алайда нысананы көздеуде сәттілік серік болмады. Екінші таймда футбол шытырманға айналды. 67 минутта Куле Мбомбо екінші голды салып, қасқырларды финалға жетелеген. Бірақ қуаныш көпке ұзамай 89 минутта Артурас Жулпа есепті қысқартып, финал тағдырын шешкендей көрінді. Дегенмен "Қайсар" тайлы тұяғымен шабуылға шығып, қонақтарды қыспаққа алды. Төрешінің қосымша уақытында Джаба Канкава айып алаңында қолмен ойнап, әріптестерінің еңбегін еш қылды. 11 метрлік айып соққысын мүлтіксіз орындаған Тигран Барсегян "Қайсарды" финалға алып шықты.
Осылайша қызылордалық клуб 20 жылдан кейін финалда ойнауға мүмкіндік алды. 22 қыркүйекте "Атыраумен" ақтық сында шеберлік байқасады!