Қармақшыда ауыл спортшыларының ХХХІІІ спартакиадасының ашылуы өтті
Kyzylorda-news.kz. Жосалы кентіндегі орталық стадионда Ауыл спортшыларының ХХХІІІ «Алтын күз-2019» облыстық спартакиадасының ашылу салтанаты өтті.
Спартакиаданың салтанатты ашылуында аудан әкімі Мұса Қалдарбеков, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Жақсылық Оспанов жарысқа қатысушыларды құттықтап, сәттілік тіледі.
Спорттың 16 түрінен (футбол, баскетбол, волейбол, қол добы, қол күрес, шақмат, гір спорты, асық ату, бес тас, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, Президенттік көпсайыс, көкпар, теңге алу, аударыспақ) 1000-нан аса спортшыны қамтитын спартакиадада аймақтың барлық аудандарының құрама командалары өнер көрсететін болады.
Ұлттық спорт түрлері мен бұқаралық спортты дамыту, ауылдық жерлерде салауатты өмір салтын қалыптастырып, спорттың маңызын арттыру мақсатында өткізілген спартакиадаға 1000-ға жуық ауыл спортшылар қатысуда.
Биылғы жылы аудан спортшылары ҚР біріншіліктері мен чемпионаттарында 19 – алтын, 17 – күміс, 19 – қола медальды жеңіп алса, Әлем Кубогында 1-қола және Әлем чемпионатынан 1-күміс медальды иеленді.
2-6 қазан аралығында өтетін ауыл спортшыларының ХХХІІІ «Алтын күз-2019» спартакиадасы жексенбі күні қорытындыланады.