Қызылордалық «Қайсар» Қазақстан кубогының жеңімпазы атанды
Kyzylorda-news.kz. Кеше елордада футболдан Қазақстан кубогының финалы өтіп, онда қызылордалық «Қайсар» Қазақстан кубогының жеңімпазы атанды.
Финалдық кезеңде Қызылорданың «Қайсар» және «Атырау» командалары кездесті. Екі команда да биыл кубок ойындарында сәтті ойын көрсетті. Жарыстың үш сатысынан іркілмей өтті.
Ақтық кездесуде екі клубтың да гол соғатын мүміндіктері болды. Бірінші кезеңде мұндай мүмкіндіктерді екі команда да тиімді пайдалана алған жоқ.
Екінші кезеңде, 67-минутта, атыраулық Петр Гжельчак өз командасын алға шығарған еді. Бұдан кейін көп ұзамай «Қайсардың» капитаны Асхат Тағыберген алаңнан қуылды. Он футболшымен ойнағанына қарамастан 88-минутта қызылордалық команда сапынан Игорь Зенькович таразы басын теңестірді. Бұдан кейін қосымша тағы екі кезең қосылды. Бұл кезеңде қызылордалық Думан Нәрзілдаев 122-минутта өз командасына жеңіс сыйлады. Осылайша «Қайсар» қарсыласын 2:1 есебімен жеңді. Нәтижесінде биылғы Қазақстан кубогының иегері атанды.
Қызылорданың «Қайсары» сырт алаңда 1/8 финалда «Оңтүстік академиясын», ширек финалда Павлодардың «Ертісін» жеңіп кетті. Қызылордалық футболшылар жартылай финалда Қостанайдың «Тобыл» командасын сүріндірді.
«Қайсар» командасы 1999 жылы кубокқа ие болып, ол жолы Өскеменнің «Востогынан» 2:1 есебімен басым түсті. 1998 жылы финалға дейін жетсе, 2007 жылы жартылай финалда бақ сынады.