Қызылордалық №66597 әскери бөлімі жеңіске жетті
Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласындағы Евразия спорт кешенінде Ауған соғысы ардагерлерінің құрметіне арналған армиялық қоян-қолтық ұрысынан күштік құрылымдар және құқық қорғау органдары арасында Қызылорда гарнизоны бастығының кубогына арналған сайыс өтті.Сайысқа Жамбыл, Түркістан облыстарының әскери бөлімдері мен жергілікті құқық қорғау органдары және күштік құрылым өкілдері қатысты. Әскерилер арасындағы бәсекеде 11 команда, 107 спортшы бақ сынасты. Жауынгерлер 55, 60, 65, 70, 75, 80 және 80 келіден жоғары салмақта өнер көрсетті.
Сайыс қорытындысымен І орынды Қызылорда қаласындағы №66597 әскери бөлімі жеңіп алды. Ал ІІ орынды Тараз қаласынан қатысқан Оңтүстік өңірлік қолбасшылығының қызметкерлері қанжығаға байлады. Қажымұқан атындағы спорт клубының спортшылары ІІІ орынға ие болды. Жеңімпаздар ақшалай сыйлыққа ие болды.
«Әскери қызметкерлер бұл спорт түрінен де жоғары шеберліктерін көрсетті. Бірінші орынға ие болған №66597 әскери бөлімінің командасында Әлем чемпионы бар. Халықаралық дәрежеде ойын көрсетіп жүрген қызметкерлеріміз бұл сыннан да сүрінбей өтті. Аталған жарыс биыл алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Алдағы жылдарда дәстүрлі шараға айналдырамыз деген жоспар бар», - деді №66597 әскери бөлімінің дене дайындығы және спорт қызметінің бастығы Нұрдидар Құдайбергенов.