ХОККЕЙДЕН ӘЧ: ҚАЗАҚСТАН ҚҰРАМАСЫ ЕКІНШІ РЕТ ІРІ ЕСЕППЕН ЖЕҢІСКЕ ЖЕТТІ

Бұл жолы Ғалым Мәмбетәлиевтің шәкірттері Ұлыбритания құрамасымен күш сынасты.
Бірінші кезеңде 3-минутта-ақ британдық Люк Феррара есеп ашып, командасын алға шығарды. Дегенмен 15-минутта сан басымдылығын пайдаланған Дмитрий Гренц есепті теңестірді.
Екінші кезеңде Қазақстан құрамасынан әуелі Антон Сагадеев 33-минутта мергендік танытса, 35-минутта Роман Старченко есепті 3:1-ге жеткізді.
Соңғы, үшінші кезеңде 42-минутта Р.Старченко тағы бір голдың авторы атанса, 46-минутта Никита Михайлис көзге түсті. 47-минутта Әлихан Әсетов матчтың нүктесін қойды.
Осылайша қазақстандықтар қарсыласын 6:1 есебімен ойсырата ұтты.
Еске сала кетейік, 22 сәуір күні Қазақстан құрамасының мажарларды 3:0 есебімен бет қаратпай ұтқанын жазған болатынбыз. Қатарынан екі мәрте жеңіске жеткен қазақстандықтар қос турдан кейін 6 ұпаймен көш бастап келеді. Италия, Польша, Венгрия және Ұлыбритания командаларының үш-үштен ұпайлары бар.
Ғ.Мәмбетәлиевтің шәкірттері енді 25 сәуір күні Италия, 27 сәуірде Словениямен, 28-інде Польша құрамасымен күш сынасады.
Бұл жарыста бірінші және екінші орынды иеленген командалар элиталық дивизионға жолдама алады.